Түркістан қаласының шығыс бағытында орналасқан жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығында жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешендері мен коттеджді қалашықтар, заманауи қонақ үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа нысандарды аралаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мердігерлермен жүздесті.
12 гектар жерде бой көтерген 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешенінде болды. Түрік компаниясы салған зәулім үйлердегі пәтерлердің жалпы аумағы 160 мың м2 асады. Мұнда екі мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлайды. Жаңа үйлердің алдын абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Қазірдің өзінде құрылысы аяқталған бес үйдегі баспаналардың 90 пайызы сатылған.
Түркістандағы Әкімшілік-іскерлік орталық 1500 гектарға жуық аумақты қамтиды. Бой көтерген жаңа ғимараттардың барлығы дерлігі заманауи үлгіде. Онда Түркістан облыстық адвокаттар коллегиясы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналасады. Сонымен қатар инвестициялық жобалар арасында бірнеше бизнес орталықтар, «Шахмат орталығы», мейрамханалар желісі, медициналық орталық, стоматология орталығы, коммерциялық ғимараттар мен ағаш көшеттерін өсіретін кешеннің құрылысы жоспарланған.
Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастырылған.
Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 13 мың гектарды құрайды.