Шөкеев, Әбдірахымов, Мырзахметов

Қысқаша

Сарапшылар не дейді, ел не дейді?

Без имени-1.jpg

Жуырда «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы облыс әкімдерінің бірінші жартыжылдықтағы  рейтингісін жария етті. Рейтингті түзген сарапшылар Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке бірінші орын беріпті. Жалпы Бауыржан Байбектің бұған дейінгі  рейтингтерде де алғашқы орынды бермей, көптен бері үздіктердің қатарынан көрініп жүргені белгілі.


Алайда әкімдердің командасында асығы алшысынан түскен, келешегі жарқын, қызметі өсіп кететін шенеунік ретінде аталып жүрген Байбек жуырда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына екінші қайтара тағайындалды. Сіздіңше, Байбек өсті ме әлде «өшті» ме? Бұл сарапшылардың болжамы барлық уақытта расқа шыға бермейтінін білдіретін сияқты. 

Рейтингте екінші орынды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев иеленді. Көшербаевтың іскерлігіне келгенде ешкімнің дау айта алмайтыны рас. Ол жуырда ғана Президент әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін Елбасы Н.Назарбаев зейнет жасынан асқан Көшербаевтың әкімдік өкілеттігін  ұзартып берген еді. Ал Президент Тоқаев оны аппаратын басқаруға алып келді. Енді Көшербаевты Ақорданың көпті көрген кемеңгер ақсақалы деп атасақ та жарасатын шығар.

Үшінші орынды Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, төртінші орынды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов иеленді. Сарапшылар зейнет жасына жеткен  Баталовтың соңғы кездері күш-қуатының, іскерлігінің төмендегенін айтып отыр.  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  осыдан кейінгі бесінші орынды місе тұтты.

Сарапшылардың айтуынша, Шөкеев  туған жерінде, оның ішінде өзінің кіндік қаны тамған Түркістан қаласында із қалдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Жалпы Шөкеевтің іскерлігіне ешкім күдік келтірген емес десек, мұнымен көпшілік келісетін шығар. Жуырда ғаламторда, әлеуметтік желіде Шөкеевтің шаруалармен бірге  сабан артып, комбайнның рөліне отырған суреттері жарияланды. Бұл Шөкеевтің кейінгі кезде имиджге де көп мән бере бастағанын білдіретін сияқты. Жоқ, бұл Шөкеевтің емес, оның төңірегінде жүрген имиджмейкерлердің, қысқаша айтқанда пиарщиктердің идеясы болуы әбден мүмкін. Алайда оның қаншалықты сәтті шыққаны жөнінде пікірлер әрқилы. Шөкеев ауыр салмақтағы саясаткер. Уақтысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Төрт өңірдің әкімі болған. Мықтылығы мен іскерлігін жұрт мойындаған шенеунікті жоғарыдағыдай арзан пиармен жарнамалаудың қаншалықты қажеті бар еді деп те ойлайсың.     

Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов рейтингіде 14 орыннан көрінді. Сарапшылар ол туралы сараңдау пікір білдіріпті.  Оның басты себебі әкімнің өзінде емес, ол басқарып отырған өңірде сияқты. Жамбыл артық қимыл жасасаң,  батпаққа батыратын облыс саналады екен. Алайда осындай «батпаққа батыратын» облыста Мырзахметовтің көп жұмыстарды тындырып жатқаны, биылдың өзінде Тараздың келбетін ашатын нысандарды тұрғызғанын елеусіз қалдыру, көзге ілмеу әділетсіздік болар еді.

Сарапшылардың пікірінше, Шығыс Қазақстан облысының әкімі, онсыз да зейнет жасында отырған Даниал Ахметовтің карьерасы осыменен тәмамдалуы мүмкін. Ал жуырда ғана елорданың әкімі болған Алтай Көлгінов нағыз жұмбақ адам. Себебі сарапшылар бас қаланың әкімін тағайындауда таңдау Көлгіновке түседі деп  ешқашан алдын ала болжамаған. Яғни, бұл орынға Көлгіновтен де мықтырақ кандидаттардың көп болғаны ғой.

Ең қызығы мынада, сарапшылар перспективасы, яғни келешегі кемел, алдағы уақытта  қызметі өсіп кетуі мүмкін деген әкімдерге бөлек рейтинг түзіпті. Тізімде бірінші орынды Бауыржан Байбек, екінші орынды Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов иеленіпті. Бауыржан Байбек онсыз да қызмет жаңартты. Енді «зың» әкім жуық арада өзге өңірге ат ауыстырып жатса, таңғалуға болмайды.

Әкімдер туралы сарапшылар мен елдің де пікірін қатар бердік. Ал енді екі пікір бір-бірімен үйлесе ме? Әй қайдам?

Рейтинг газеті