Шөкеев есеп беруге ескертусіз баратын болды

Қысқаша

Мұны өңір басшысы осы аптада облыс әкімдігінде өткен жиында айтқан.

2019022614242194160_snimok.png

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз «Әкімдердің есеп беру форматын Тоқаев өзгерте алады ма?» деген тақырыппен мақала жариялап, онда президенттің әкімдердің есеп беру форматын сынға алғанын жазған едік. Әкімдердің есеп беруіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөвкеев жаңалық енгізгелі жатыр. Мұны өңір басшысы осы аптада облыс әкімдігінде өткен жиында айтқан. 

 

 

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі көмекке зәру отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнен басқа да қолдау көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктерін табуды жүктеген. Әрбір аудан мен ауыл басшыларына ондай азаматтармен жеке жұмыс істеу міндеттелді. Әкімдердің ел алдында есеп беру тәртібінің өзгергенін еске салған өңір басшысы алда өтетін мұндай жиындарға ескертпей келетінін ескертіпті.

 

– Халықтың шын пейілінен шыққан алғыстан асқан баға жоқ. Осыны ұмытпаңыздар. Әр істі барынша беріліп істегенде ғана нәтижеге жетуге болады. Қөзбояушылыққа жол жоқ. Мен ешкімге қолдан келмейтін тапсырма жүктемеймін. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық салада ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Бірақ мұнымен тоқтауға болмас. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр, – деді Өмірзақ Естайұлы.

 

Биыл да Түркістан мен Кентау қалаларын дамытуға басымдылық берілмек. Әлеуметтік сала – басты назарда. Халықты ауыз сумен, газбен, жарық пен сапалы жылумен қамтамасыз ету әрі қарай жалғасын таппақ. Тас жолдардың төселуі, жөнделуі, көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, абаттандыру, суландыру жұмыстары - облыс басшысының қатаң бақылуында. Жиында Түркістан шаһарын жасыл желекке бөлеу бойынша жоспарланған ағаш отырғызу жұмыстарын наурыз айында толық бітіру жүктелді.

 

Қалада салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Алдағы уақытта олардың қатары көбеймек. Облыс әкімі жаңа баспаналардың қолжетімді болуын, үйлі болуға ұмтылған азаматтарға жан – жақты мүмкіндік қарастыруды, сондай-ақ баспана беруде барлық сала өкілдерін толық қамтуды міндеттеді. 

 

Жиында Түркістан қаласындағы әуежай мен онда барар жолдың құрылысына қатысты соңғы мәліметтер айтылды. 100-ден астам техника мен 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылған құрылыс алаңында жұмыс қызуда. Халықаралық әуежай жыл соңында қолданысқа беріледі. Түркістаннан 16 шақырым қашықтықта орналасқан 900 гектар жерге әуежай салуды түріктердің «Yda Іnsaat group» компаниясы мойнына алды. Жаңа нысан халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынып жатыр. Терминал жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады.

Рейтинг газеті