Үйі жоқтың күйі жоқ

Қысқаша

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі. ҚазҰУ – ауыл мен қала балаларының басын бір арнаға тоғыстырып отырған бірден-бір жоғары оқу орны. Бүгінде мұнда 20 мыңнан астам студент білім алады. Мұнша студентті

– Студенттерге ең бірінші кезекте керек нәрсе – жатақхана, – дейді Әсет. – Бізде 20 мыңнан аса студент білім алады. Ал, жатақхана оның бәріне жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Жатақханаға қолы жетпеген студент пәтер іздеп сабылады. Ақша үнемдеу үшін олар көбінесе орталықтан шалғай, ешқандай жағдайы жасалмаған пәтер жалдайды. Бұл өз кезегінде білім сапасының төмендеуіне әсер етеді. Себебі, студент сапалы білім алу үшін ештеңеге алаңдамауы керек. Ал, пәтерде газ, су, жарық, жылуды төлеу керек деп бір уайымдайды, таңертең ине шаншар орын жоқ қоғамдық көлікпен қала шетінен университетке жеткенше тағы шаршайды. Ең соңы оларға пәтерде бақылау жоқ. Ал, студент дегеніңіз албырт болады емес пе? Оларды оқудан тыс уақытта да тәрбиелеп, ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға бағыттап отыратын адам керек. Мұны жатақханада тәрбиеші дейді. Сондықтан да, студентке тұлғалық тұрғыда даму үшін жатақхананың орны ерекше. Менің ойымша, қалада жатақхана санын көбейту қажет.


   Елбасы жастармен болған кездесуде еріктілердің шәкіртақысын 30 пайызға көбейту керектігін айтты. Өте дұрыс шешім деп есептеймін. «Сұңқар» негізінен ерікті студенттерден құралған. Еріктілер – тегін жұмыс күші. Олар мемлекеттен жалақы талап етпей ел игілігі үшін еңбек етеді. Алматыда «Универсиада» ойындарының жоғары деңгейде өтуіне біздің “сұңқарлықтар” көп үлес қосты. Мемлекет басшысының еріктілерге назар аударып, оларға материалдық жағдай жасауға тапсырма бергені бізді ерекше қуантты. 

 

  Университет бітірген жас бірінші кезекте не істейді? Әрине, жұмыс іздейді. Бізде 4 курс оқып жүрген студенттерге түрлі компаниялар жұмыс ұсынады. Бірақ, олар көбіне студенттерді іс-тәжірибеден өтуші ретінде қабылдап, жұмыс істеткілері келеді. Яғни, жалақы төлемейді. Әрине, біреулер үшін бұл зор мүмкіндік шығар. Бірақ, ата-анасына салмақ түсірмей өз беттерінше күн көріп жатқан студенттерге қиындық тудырады. Тым болмаса оларға ең төменгі жалақыны белгілесе, әжептеуір көмек болар еді.  

  

  Сонымен бірге, стартап жобаларға жеткілікті қаржы бөлінсе деймін. Дегенмен, бізде көбіне 1 млн. теңге көлемінде ғана грант беріледі. Мұндай қаржыға ауқымды жобаларды жүзеге асыра алмайсыз. Мысалы, біз тиісті жерге бір жоба ұсындық. Бірақ, оған кемі 10 млн. теңгедей қаржы керек болды. Мемлекет басшысының стартап жобаларға көбірек мән беру керектігі жөнінде айтқанын қос қолдап қолдаймын. Компьютер процессорын шығаратын Іntel, компьютер бағдарламасын жасайтын Mіcrosoft секілді бүкіл әлемді жаулаған жобалар стартаптан туатыны белгілі. Стартапқа көңіл бөлу – ғылымға көңіл бөлу деп білемін. Жақында белгілі математик Асқар Жұмаділдаев «бізге ақындар емес, технократтар керек» деп айтқан болатын. Асекең бұны бекерге айтпаса керек. Себебі, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, ақпараттық технология өмірімізге дендеп еніп келеді. Одан қашып құтыла алмаймыз. Енді  технологияны мықтап меңгермесек заман көшінен қалып қоямыз. Осыған орай, жас ғалымдарға барынша жағдай жасап, стартап жобаларын қаржыландырған жөн. Бізде білімді жастар аз емес. Бірақ, олар жетім қозының күйін кешеді. Негізгі назар көбіне спорт пен өнерге аударылып жатады. Спортта жетістікке жеткенді төбемізге көтереміз. Сахнаға шыққан әнші-бишіге аһ ұрып, әлеуметтік желіде оқырманы көп видеоблогерлерге табынамыз. Ал, түрлі жарыста білімін дәлелдеп орын алған жас ғалымдарымызды көзге ілмейміз. Міне, осы себепті, Жастар жылында ғалымдарға көбірек жарнама жасауымыз керек.  


  Жалпы, жас мамандарға арзан бағада жалдамалы пәтер берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жұмысқа енді кірген жас маманға бастапқыда аз жалақы төленеді. Олар бұл жалақысын ештеңеге жеткізе алмайды. Тым құрығанда оларға жалдамалы пәтерден бір бөлме берілсе, олар жатпай-тұрмай жұмыс істер еді. Қысқасы, алаулатып-жалаулатып форумдар өткізуден гөрі жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге көңіл бөлген абзал.

Рейтинг газеті