Жаңа әкім әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуы керек

Қысқаша

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен және Шымкент қаласы мәслихатының келісімімен Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Ерлан Айтахановқа Ақордадан нақты тапсырмалар берілді.

Ерлоан-2.jpg

Жаңа әкімді сейсенбіде қала әкімдігінің актив мәжілісінде Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев таныстырды.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маселелер, халықты баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Енді бұл тұрғыда жұмыла іске кірісуіміз керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да бірқатар тарсырмалар бергенін білесіздер. Шымкент қаласы жаңарып, жасара беруі тиіс. Жаңа әкім қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін салады деп сенеміз, – деді Қырымбек Елеуұлы. 

 

Ерлан Қуанышұлы қаланың дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына салтанатты жағдайда ант берді.

Ерлан-1.jpg

 

Ерлан Айтаханов Оңтүстік өірінің тумасы, жергілікті жерден шыққан кадр. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

 

Еңбек жолын 1994 жылы Alem Bank Kazakstan кредит беру департаментінің экономисі болып бастаған. 1995-2012 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің кредит беру департаментінің бас маманы, “Қазақстан темір жолы” қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасының бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің бастығы болып жұмыс істеген.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. 2014 жылғы қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016 жылдан бастап Отырар ауданының әкімі болды.

 

Жалпы көпшілік Ерлан Айтахановты іскер, қарапайым, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шеше алатын азамат ретінде біледі. Көпшілік оны әке жолын қуған ұл ретінде де таниды. Оның әкесі Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын басқарған, облыс әкімінің орынбасары, ал кейінгі жылдары Сенаттың екі шақарылымында депутат болған.

 

Жалпы көпшілік Айтхановты Шымкент қаласының әкімі етіп тағайындаудың сәтті таңдау болғанын айтып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеуде.

 

Рейтинг газеті