Білім гранттары өз иелерін тапты

Қысқаша

Білім аламын деген балаға неге жағдай жасап, инвестиция құймасқа? Бүгін инвестицияланған бала ертең сол қаржыны 10, 100 есе қайтарады емес пе?

28.jpgБілім аламын деген балаға неге жағдай жасап, инвестиция құймасқа? Бүгін инвестицияланған бала ертең сол қаржыны 10, 100 есе қайтарады емес пе? 

Міне, жақында Түркістан облысының орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия елінің квотасын жеңіп алған талапкерлерге тегін білім беру сертификаттары табысталды деп хабарлайды Түркістан облысының баспасөз қызметі. Биыл аталған оқу орнына Түркия Республикасынан 500 грант бөлінген. Бұл Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, Қазақстанның грантына іліге алмаған талапкерлерге тегін білім алуға берілген мүмкіндік. 

Білімді жастарға Түркия грантын үлестірген оқу орны дарынды талапкерлерге басымдық беріп отыр. Әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған білім сертификаттары халықаралық және республикалық пәндік олимпиаданың 34 жеңімпазына, Әлем, Азия, республика деңгейінде жүлдегер атанған 10 спортшыға, сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 талапкерге берілді. Олардың қатарында Е.Балтабаев, Ә. Бибарыс, Ә.Мәди, Д.Раимова, М. Кемелбек секілді болашағынан зор үміт күттірген спортшылар мен «Ақберен», «Ата-жұрт», «Ясауи», «Дінтану» халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен мүшәйраларының жеңімпаздары бар. Ал қалған білім гранттары ҰБТ мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, алайда мемлекеттік грантқа іліге алмаған білімді жастарға үлестірілді. 

Осылайша, көңілдері жайланып, демделген балалар енді өз елінің дамуы үшін білім алып, аянбай еңбек ететін болады. Бұл жөнінде олар сертификат табыстау рәсімінде айтып, ағынан жарылды. Лайым солай болғай!