Кәсіпкерлер ауруханаларға тыныс алу аппараттарын сыйлады

Қысқаша

Түркістан облысында қайырымды азаматтар тарапынан ауруханаларға жасанды тыныс алдыру

003.png

Түркістан облысында қайырымды азаматтар тарапынан ауруханаларға жасанды тыныс алдыру аппараттары берілуде. Осындай игі іске жергілікті кәсіпкерлер атсалысуда. Ал жергілікті еріктілер осындай  іске мұрындық болуда. 

Мәселен жуырда  Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ерікті Б.Хасантаевтың бастамасымен сайрамдық кәсіпкерлер 5 млн теңге көлемінде қаржы жинап, оның 3,5 млн. теңгесіне 19 Бобров медициналық тыныс алу құрылғыларын сатып алған.

Облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда,  өкпе қабынуына, коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға аса қажетті құрылғылар аудандық орталық ауруханаларға орнатылды.

Еріктілер қажетті медициналық құрылғыларды Алматы қаласынан алып келген. Сондай-ақ, олар оттегі баллондарын толтыру жұмыстарына да атсалысуда.

Кәсіпкерлер демеушілігінен артылған қаражатқа ауруханаға азық-түлік алынды. Себебі, онда емделушілермен қатар, қауіпті дертті емдейтін медицина қызметкерлері де 14 күнге дейін үйінен оқшауланып, сонда қызмет көрсетіп келеді.

Айта кетейік, Сайрам ауданы бойынша Ақсукент және Қарабұлақ орталық ауруханаларында 87 орын бар. Қосымша Қарабұлақ ауылындағы «САПА» жекеменшік медициналық орталығынан тағы 30 орын ашылған.

Осындай сауапты тірліктер Түркістан облысының аудан, қалаларында жалғасуда.