Жастарға арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды

Қысқаша

Жастарға арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды

4.jpg

«Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев  «Қазақстан 2050» Стратегиясында. 

Психологтардың айтуынша, жастардың бойына үміт пен сенім ұялату арқылы жылы сезімдерді дамытудың маңызы зор. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен облыстық "Izgilikti qogam" атты психологиялық семинар-тренинг барысында дағдарыстық жағдайдан шығу жолдары көрсетілді. Білікті мамандар жастар арасындағы келеңсіз жағдайлар мен қалыпты емес психологиялық дағдарыстың алдын алуды үйретті. Делинквентті (заң бұзушылықпен ерекшеленеді) және аутодеструктивті мінез-құлықты алдын алу, конструктивті түрде мақсатқа қол жеткізу бойынша психологиялық бағыт-бағдар берілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, семинар-тренинг Түркістан мен Кентау қалаларынан бастау алып, облыс бойынша барлық аудан, қалаларды қамтыды. Онда тәжірибелі психолог маман іс-шара барысында адамның ойы мен эмоциясын, ішкі сезімдері арқылы дұрыс жұмыс істеу тақырыбында психологиялық терапия өткізді. Жастардың көшбасшылық қабілетін арттыру, өзіндік қалыптасуына ықпал ететін жаттығулар ұйымдастырылды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Амалбек Өміртайдың айтуынша, бұл шара жастардың қоғамда өз орнын қалыптастыра алуына, эмоциясын басқаруына, ойлау жүйесінің дамуына ықпал етеді.

«Пандемияға байланысты онлайн және оффлайн форматта жүргізілген семинар-тренингке жалпы 3200 жас қамтылды. Оның ішінде карантиндік талаптар қатаң сақтала отырып 800 жас оффлайн, ал 2400 жас Zoom платформасы арқылы онлайн қатысып, пайдалы ақпараттармен сусындады. Бұл іс шара, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өңіріміздің жастары үшін пайдалы болды. Себебі адам көп уақыт үйде отыру және онлайн оқу әсірінен психологиялық дағдарысқа түсетіні анық»,-деді А. Өміртай.

Семинар-тренинг жастарға жеке тұлға ретінде дамуға, психикалық денсаулықты нығайту мен жетілдіруге, өзін-өзі жоғары бағалауды және өзіне, өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділікті дамытуға, сондай-ақ шиеленіскен шектеулі жағдайларда психологиялық тұрғыдан ұтқыр болу қабілетін меңгеруге ықпал етеді.


    A+
Уақыты: 2021-05-25  Айдарша: Өңір
TAG: