Мақтааралда зардап шеккендерге 120 тоннадан астам азық-түлік таратылды

Қысқаша

Су тасқыны болған Мақтаарал ауданындағы орталық қоймада 608 тонна азық-түлік жиналған.

Су тасқыны болған Мақтаарал ауданындағы орталық қоймада 608 тонна азық-түлік жиналған. Бүгінде төтенше жағдай қалыптасқан аймақтағы тұрғындарға 126 тоннадан астам азық-түлік таратылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

200514031054899e.jpg

Облыс әкімдігінің мәліметінше, аталған қоймаға күнделікті Қазақстанның әр өңірінен гуманитарлық көмектер келуде. Қазіргі таңда қоймада 200 тоннаға жуық ұн, 22 тонна ет, 70 тоннадай көкөніс, сондай-ақ, көрпе-төсек пен киім-кешектер бар. Бұдан бөлек, жаңадан құрылысы жүретін тұрғын үйлерге қажетті құрылыс материалдары да жинақталған. 

Атап айтқанда, қоймаға 20 мың дана кірпіш, 100 тонна цемент, 700 данадан астам ағаш, 108 қорап гипсокартон және құрылыс ұнтақтары жеткізілген. Аталған материалдар Мырзакенттегі бой көтеріп жатқан жаңа мөлтекауданның құрылысына жұмсалмақ. Айта кетейік, «Біз біргеміз» акциясы аясында Мақтааралға Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облысы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарынан және Қазақстан халық Ассамблеясы тарапынан көмектер келген. Сондай-ақ, еліміздегі жекелеген кәсіпкерлер мен азаматтар да атасалысуда.