Әкімдер сайлануы тиіс

Қысқаша

Өткен аптада Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтті.

D75E8ADA-8BA6-46D7-91A8-50C3FFA9E184_w1200_r1_s.jpg

 Отырысқа Президент Қ.Тоқаев қатысты. Кеңестің бұған дейінгі отырысында кеңес мүшелері Президентке қоғамды демократияландыру бағытында біраз ұсыныстар айтқан болатын.  Ұсыныстар негізінен  митингілерге, сайлау және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты.

 

 

- Митингілер туралы заң ең алдымен азаматтардың өз ойын айту-таныту құқықтарын сөзсіз қамтамасыз ету, бейбіт шерулердің түрі, сын-сипатын заң аясында анықтау, қатысушы әрбір тараптың құқықтары мен тыныс-тірлігін айқындайтын, жиындардың негізінен хабарландыру тәртібімен өткізілуін қамтамасыз ететін, еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сай болуы тиіс деп отырмыз!

 

Саяси партиялар туралы заңнама ел азаматтарының саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, өз жұмысын еркін жүргізу құқына сай, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер мен ценздерді жүйелі түрде азайту бағытында қабылдануы тиіс. Еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнама «бұқаралық ақпарат құралы» дейтін ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминилизациялау, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы тиіс деп санаймыз. Қазақстанның сайлау кодексі де сайлау сайын сынға алынып келеді. Біздің ойымызша, алдағы уақытта бұл заңнама парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшуді, партиялардың Мәжіліске өту табалдырығын төмендету, аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы жүйесіне көшуді қамтамасыз ететін өзгерістермен толығуы тиіс. Бұның барлығы да, әрине, бір күнде бола қоймас, бірақ осының сатылық, мерзімдік сатысы, жүйесі мен желісін жасақтау, жазып шығуға әбден болады, - деген болатын осы жиында баяндама жасаған белгілі саясаткер Айдос Сарым. 

 

Бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған ақпараттарға қарағанда, Тоқаев бұл жолғы отырыста осы ұсыныстарға жауап берген.

 

Президенттің ойынша, Қазақстан митинг өткізудің “ескерту” формасына көшу керек. Осыған байланысты «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң жобасы жасалған, ол жақында Мәжіліске түседі. Президенттің сөзінен түсінгеніміз заң бейбіт жиындардың барлық формаларына анықтама береді, жиын өтетін орынды белгілеу мәслихаттың құзырына көшеді. Бейбіт жиындарға қатысушы, ұйымдастырушы, бақылаушылардың мәртебесі мен құқықтары да заңмен белгіленеді.

 

Қазіргі уақытта Қазақстанда саяси партияларды тіркеу үшін партия мүшелері 40 мыңнан кем болмауы тиіс. Тоқаев 40 мыңды  20 мың адамға дейін азайтуды ұсынды. Президент сонымен бірге Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.

 

Алайда оппозиция өкілдері Президенттің бұл сөздерін жай ғана косметикалық сылап-сипау деп есептейді. Мәселен, «Республика» деп аталатын партия құру үшін облыстарды аралап жүрген Бэлла Орынбетова «Азаттыққа» берген сұхбатында: «Тоқаевтың ұсыныстарының түсініксіз тұстары бар. Партия мүшелерін 20 мыңға дейін азайтудан да жеңілдік көрмей тұрмын. Мәселе партия мүшелерінің санында емес, партияны тіркеу процедурасында. Бізге ауыр тиіп тұрғаны әкімшілік қысым», - депті. Белсендінің сөзінше, партияны тіркеу үшін Ресейде 500 адам, Қырғызстанда 10 адам деген талап бар. Қазақстан үшін 20 мың адам тым көп.

 

Өкінішке қарай, Президент әкімдерді сайлау, Мәжіліс пен мәслихаттарды аралас жүйе арқылы жасақтауға қатысты ұсыныстар туралы ештеңе айтпаған.