Ауылда кәсібін кеңейткен кісі

Қысқаша

​Мемлекетке алақан жаймай-ақ шаруаның ебін тауып, елге еңбегімен танылған азаматтардың бірі – Бөген елдімекенінің тұрғыны Нұрлан Тәшімбетов.


Мемлекетке алақан жаймай-ақ шаруаның ебін тауып, елге еңбегімен танылған азаматтардың бірі – Бөген елдімекенінің тұрғыны Нұрлан Тәшімбетов.
– Жастайымнан техникаға жақын едім. Оны құрастыру, бөлшектеу, жинақтау, жөндеп шығару мен үшін өте қызық болатын. Осылайша 2008 жылдың басында жұмыстың реті келмей, ауыл арасында «екі қолға бір күрек» іздеген кезде, 4-5 құрдасыммен ойлана келе «неге біз қолымыздан келетін, қабілетіміз бар шаруаны дөңгелетпейміз?» деген ойға келдік. Ақылдаса келе ауыл арасынан көлік жөндеу орталығын ашуды жөн санадық. Біріміз дәнекерлеуші, екіншіміз желімдеуші, үшіншіміз көлік жөндеуші болып жұмыс істедік. Қасымдағы 4 жігіттің де техниканың тілін білетін қабілеттері бар еді. Басында тек машина жөндесек, келе-келе дөңгелек желімдеу, машина жуу сияқты көлік қызметтерін іске қостық. Бүгінде бұл кәсіптің басы-қасында жеке өзім ғана қалдым. Жолдастарымның әрқайсысы жеке-жеке кәсіптерін ашып өз жолдарымен кетті, – дейді Нұрлан Өтебайұлы.
Бөген елдімекенінде жол бойында орналасқан бұл көлік жөндеу орталығына келушілер ұзын-сонар кезекке тұрмаса да, кәсіпкердің қызметіне жүгінетіндердің қарасы жетерлік. Бірі көлігін жөндетсе, бірі жуғызады немесе дөңгелегін желімдетеді. Әйтеуір, жұмыс тоқтап қалмайды.
«Айлық табысым да 100 мыңның төңірегі. Әзірше, отбасымды асырауға жетеді. Болашақта қызмет көрсетудің түрлерін кеңейтіп жатсақ, мүмкін, табысымыз ұлғая түсер. Әзірше, барға қанағат», – деген қанағатшыл Нұрлан бұдан бөлек тапсырыспен дарбаза, жүк артқыш арба сияқты дүниелерді де жасап шығарады. Құны материалға кеткен шығынға, істеген еңбекке қарай бағаланады.