Ең жоғары жалақы – Созақ ауданында

Қысқаша

Түркістан облысында 2019 жылғы 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша облыс халқының саны 1 млн 995 мың 348 адамға жеткен.


Түркістан облысында ең жоғары жалақы Созақ ауданына тиесілі. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков өңірдің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте атап айтты.
Түркістан облысында 2019 жылғы 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша облыс халқының саны 1 млн 995 мың 348 адамға жеткен. Оның 80 пайызы ауылдық жерде тұрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда халық саны 2 пайызға өскен.
– Облысымыз туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша республикада бірінші орында тұр. Қыздардан гөрі ұл балалардың өмірге келу тенденциясы жоғары. Отбасын құрушылар былтырғы жылмен салыстырғанда 460-қа көбейді, – деді Айдар Ахметбекұлы.
Өңірімізде көші-қон арқылы 54449 адам тіркелген. Оның 31 мыңы ішкі көші-қонды құрайды. Ал, облыстан кеткендер – 60589 адам. Демек, келушіден кетуші көп.
– Түркістан облысындағы халықтың бір айда жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 46336 теңгені құрап отыр. Статистикалық сараптау бойынша негізгі табыс еңбек қызметінен түсіп отырғанын көрсетеді. Ал, шығыстың басым бөлігі азық-түліктер мен ақылы қызметтерге жұмсалады екен. 2019 жылдың І-тоқсанындағы статистикалық мәлімет бойынша облыстағы орташа жалақы 106916 теңге болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көбейген, – дейді департамент басшысы.
Әбілдабековтің айтуынша, ең жоғары жалақы – Созақ ауданында (197310 теңге). Ал, ең төменгі жалақы – Сарыағаш ауданында (87258 теңге).