Әлем чемпионатына жолдама алды

Қысқаша

Ақтау қаласында кикбоксингтен өткен ел біріншілігінде еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар сынға түсті.

Канаев.jpg

 Байрақты бәсекеде бақ сынаған шымкенттік кикбоксинг шеберлері Фазлиддин Сафаров пен Ғалымжан Қанаев өз салмағында топ жарып,  алтын медаль иегері атанды. Сондай-ақ, өз салмағы бойынша чемпион атанған қос атлет әлем чемпионатына жолдама алды.

 

– Әрқашан қолдап-қоштап, жігер беріп, осылай біздің рухымызды оятып жүргендеріңізге рахмет. Ендігі арман-мақсатымыз әлемді мойындатып, байрағымызды көкте желбірету, Әнұранымызды шырқату, – дейді чемпион атанған Ғалымжан Қанаев.

 

Ақтауда өткен Әлем чемпионатына іріктеу – еліміздің шын жүйріктерін даралап берді. Мәселен, өз салмағында сынға түскен қос спортшы бұл додада жеңіске жету үшін ұзақ уақыт бойы дайындалған. Бақ пен бап қатар шапты десек артық айтқанымыз емес. Бұл ретте спортшыларды дүбірлі додаға дайындаған бапкердің ерен еңбегін ескергеніміз жөн. Шәкірттерінің жеңісін көріп ерекше толқыған бапкер жаттығуды тоқтатпайтындықтарын мәлім етті. Енді жеңімпаздар Түркияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Бұл біріншілік күзде, 22 қарашада бастау алады.

 

– Келесі айда Семей қаласында Әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиындары болады. Содан кейін Ресейдің Магнитогорск қаласында А класының халықаралық турнирі өтеді. Әлем чемпионаты алдында сол жарысқа қатысамыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаңабай Әшірбеков.

 

Рейтинг газеті