Омаров енді ояна бастады

Қысқаша

Түркістан мен Шымкентте ет бағасының күрт қымбаттағанына екі-үш айдың жүзі болды.

20190225174015.jpg

 Қазір Шымкенттегі қырғы базарда қой етінің келісі 1650-1700 теңгеден сатылып жатыр.

 

Баға бұған дейін 1350-1400 теңге еді. Саудагерлердің сөзіне қарағанда, баға ақпаннан бастап қымбаттаған. Қымбатшылықтың басты себебі – қойлар жаппай шетелге кетіп жатыр. Бұған дейін 1500 теңгеден сатылған сиыр етінің нарқы 1700 теңге болып тұр. Жылқы етінің келісі – 1950 теңге. Осыдан бір-екі ай бұрын ғана баға 1700 теңге болатын. Сатушылар етке бағаның өскенін базардағы малдың қымбаттығымен байланыстырады. Әсіресе, қойдың құны бірден екі есеге шарықтаған. Саудагерлер ауыл-ауылдың аралап, қой сатып алады, алған малды шетелге экспорттайды. Ал шекара бойындағы ағайынның айтуынша, қазір Өзбекстанға кетіп жатқан малда есеп жоқ. Саудагерлер қой, сиырды көлікке тиеп, шекарадан күндіз-түні өткізіп жатыр. Мұндай алыпсатарлық тоқтамайынша, Қазақстанда ет бағасы да, малдың нарқы да арзандамайтындығы бесенеден белгілі.

 

Бұған дейін осы мәселеге үнсіздік танытып келген ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пікір білдірді. Оның айтуынша, былтыр 50 мың бас мал экспортталған. Биылдың бес айдың ішінде сыртқа кеткен малдың саны 42 мыңға жеткен.

 

– Әрине, бір жағынан ол жақсы. Демек, ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Шаруалар малды өсіріп, ары қарай сата алады. Бірақ екінші жағынан осы салада тәртіп бұзушылықтар да аз емес. Шетелге төлдейтін малымыз кетіп жатыр. Біз ол малды елге өзіміз әкелеміз. Оған қыруар қаржы да бөлініп тұрады. Ондай жағдайда төлдейтін малды көрші елдерге шығарған дұрыс емес, – деді министр.

 

Министрдің айтуынша, қазір осыған байланысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге төлдейтін малды шетелге шығаруға тыйым салу туралы ұсыныс бар.