Министр мақтаған жүйені жұрт түсінбей жатыр

Қысқаша

Соңғы жылдары елімізде электронды форматта қызмет көрсету ісі едәуір жетілгені рас. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтер реестрінің 741 атауы бар. Олардың 454-і немесе 61 пайызы эле

       

     Ал 165 қызмет тек қана электронды түрде көрсетіледі. Олардың жартысынан көбі – лицензиялар мен рұқсат беру және кәсіпкерлікті субсидиялау құжаттарын рәсімдеуге байланысты. Бұл қадамдардың барлығы бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою үшін қолға алынған. Өткен жылдың өзінде көрсетілетін 64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа ауыстырылды.

     Дегенмен осы аптадағы Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бұл саладағы жұмысқа әлі де көңіл толмайтынын білдірді. Үкімет жетекшісі жұрттың әлі де болса электронды қызметті пайдаланғаннан гөрі, Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, талон алып, кезекке тұрып, әуре-сарсаңға түсетініне қынжылды.

    — Бұл неге байланысты? Бұл халыққа түсіндіру жұмыстарының нашар жүруіне байланысты... Жұрт интернетке кіріп, өзіне қажетті қызметті іздегенде ештеңе түсінбейді. Ал, орталыққа келіп, арнайы мамандардан сұраса, бәрі түсінікті бола кетеді. Сондықтан олар амал жоқ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруға мәжбүр, — деді бұл жөнінде Бақытжан Сағынтаев.

    Иә, электрондық қызмет елдің жұмысын, тірлігін жеңілдеткені рас. Яғни, қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады. Қазір жүргізуші куәлігін алу мен көлік құралын тіркеу электронды арыз арқылы қабылданады. Бұл қызмет түрі 23 мың рет пайдаланылыпты. Бұдан бұрын бір көлікті тіркеу 6 сағатқа созылса, қазір 2-ақ сағат уақыт жұмсалады. Электронды форматқа ауысудың артықшылығының бірі қазір автокөлікті сату немесе сатып алу барысында 20 минут жеткілікті. Қағаз жүзіндегі құжаттар қажет емес. Бұдан бұрын ел тұрғындары көлік құралын тіркеу туралы акт, жеке куәлік, салық төлегені туралы құжат пен көліктің мемлекеттік тіркеуден өткен нөмірін көрсетулері тиіс еді. Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын дереу тексеріп алуға, наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерлер анықтамасын портал арқылы алуға мүмкіндік пайда болды. Министр Дәурен Абаев Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Ал, халық қалаулылары басқа мәлімет келтіреді.

        Әрине, жұрттың әлі де қит етсе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына шапқылай беруден жалықпайтыны жасырын емес. Осыдан барып, орталықтарда үнемі кезек күтіп, жүйкесі тозған жұртты көресіз. Шынында ел арасында үгіт-насихат жұмыстары төмен бе? Ең алдымен қарапайым халық электронды порталға қалай тіркелуді білмейді. Сосын аудан-ауылдарды былай қойғанда облыс орталықтарының өзінде интернетке қол жеткізе алмай жүргендер бар. Мұның бәрі жақында ғана Парламент Мәжілісінде өткен жиналыста ашық айтылған болатын.

         2018 жылы елімізде кең жолақты интернетпен қамту көрсеткіші 79 пайызды құраған. Бірақ, интернеттің жылдамдығы туралы мақтанып айтуға әлі ерте. Тек елімізде ғаламтор тартылған мектептердің 62 пайызында интернет жылдамдығы секундына 4 Мбит-тен асады. Негізі 2021 жылы кең жолақты интернетпен 1249 елді мекенді қамту жоспарлануда. Бірақ, оның ар жағында 1,4 млн тұрғыны бар 3595 ауыл қалып тұр.

       — Рас, Қазақстан электронды үкіметті құру мен дамытуда ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып қадам жасады. Дегенмен «Электронды үкімет» порталындағы қызметтердің көбісі жұмыс істемейді, — дейді бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Гүлнар Ықсанова. — Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында олардың саны 52-ге жеткен. Осыдан кейін әлеуметтік қызметтер әлі күнге қағаз түрінде көрсетілуде. Өткен жылы наркологиялық, психикалық-неврологиялық, туберкулезге қарсы ұйымдар арқылы 2,3 мың анықтама, түрлі медицина мекемелер, алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін ұйымдар арқылы уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнінде 700 мыңға жуық анықтама «қағаз» күйінде берілген.

           Жер учаскелерін бөлу мәселесін шешу үшін ұлттық геоақпараттық жүйе құрылып, арнайы бағдарлама қарастырылған. Бірақ, әлі күнге бұл бағдарламаның архитектуралық жобасы мен техникалық шешімі бекітілмепті. Ең бастысы, бұл жобаны іске асыруда ведомствалар арасындағы өзара әрекет ету ісі жолға қойылмаған. Дәл осы электронды Үкімет порталының мобилдік қосымшасын жүзеге асыру ісі де ақсап тұр. Ал, электрондық Үкіметтің бар мақсаты – адамға қызмет көрсету емес пе?

         Осынау проблеманың барлығы мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесінде біріге алмай отырғандығынан туындағаны анық. Барлығы әр уақытта пайда болып, әрқайсысы өз алдына жұмыс істеп, енді әртүрлі платформада бір методологияға біріге алмауда. Бүгінгі күні «Еңбек нарығы» жүйесі Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесімен бірікпеген. Бұл мектеп бітірген түлектер мен 9-11 сынып оқушылары, жоғарғы оқу орнының студенттері үшін өте қажет дүние. Тіпті, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірде-бір ақпараттық жүйе өндірістік пайдалануға берілмепті. Дәл осындай жағдай ауылшаруашылығы, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінде де орын алып, шағын несие, жұмысқа тұру үшін автоматты түрде медициналық анықтама беретін ақпараттық жүйе бір-бірімен бірікпеген. Мүгедектікті сырттай бекіту жөнінде министрліктер арасындағы ақпарат беру жүйесі де әлі күнге дайын емес.

        Қысқасы министр мақтаған «электронды үкімет» ел ішінде қанатын кеңге жая алмай жатқанын айтып еңіресе, етегі жасқа толатыны анық. Яғни, бұл істе жұрттың компьютерлік сауатын ғана емес, шенеуніктің жауапкершілігін де көтеру қажет сияқты. Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаевтың бұл саланың жұмысын сынап, мәселені батыра айтуының да бір себебі осында жатса керек.