«И.о»-әкімнің өтірігі әшкере болды

Қысқаша

Есеп беру жиынында әкімдер елді ашық түрде алдауға көшкен тәрізді. Өткен аптаның жұмасында Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінің орталығы Ұялыжар ауылында өткен есеп беру жиынында тұрғындардың бірі баяндамада келтірілген мәліметтің өтірік екенін әшкере

1516615097_32.jpg  

- Жаңа сіздер баяндамада Айтбаев Бағдат деген азамат 3 миллион теңге несие алды деп айттыңыздар. Алайда Айтбаев Бағдат несиені әлі алған жоқ. Үш жыл болды сандалып жүргенімізге, құжат рәсімдеудің өзіне 50 мың теңге кетті,- деді Талғат Айтбаев (Бағдат Айтбаевтың бауыры). Абай атындағы орта мектептің акт залына жиналған жұрт абыржып қалды. Слайдтан Айтбаев Бағдаттың 3 миллион теңге алғаны жөніндегі жазу асыл тұқымды бордақыланған бұқашықтардың үлкен қорада шөп жеп тұрған суретпен берілген еді.

  - 3 миллион теңгеге мынандай қораны салу мүмкін емес қой,- деді залда отырған азаматтардың бірі. Яғни, несиеге қатысты мәліметтің де, суреттің де Айтбаевтарға мүлдем қатысы жоқ болып шықты. Сонда мұндай өтірік қайдан алынған? Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Үсенбаев сасып қалды ма, әйтеуір, Талғат Айтбаевқа «ашуланбай сөйлеңіз», «ашуыңызды ішіңізде ұстап отырыңыз» деп қайта-қайта ескерту жасаумен болды. Ақыр аяғында әкім «баяндамада ондай мәлімет келтірген жоқпын» деп құтылды. Онда баяндамада жоқ мәлімет слайдта қайдан жүр?

   -Мына жерде бәрі күні бұрын бекітілген сценарий бойынша өтіп жатыр. Алдын ала белгіленген азаматтар сөз сөйлейді. Билікке сын айта алмаған адамның мақтауға да қақысы жоқ. Сіздер мақтауға зәру адам емессіздер,- деді Абай Ережепұлы деген азамат.

   Оның айтуынша, әкімдердің баяндамасына қарағанда жыл сайын суармалы гектар жердің көлемі көбейіп жатыр. Алайда егістіктің көлемі көбейіп жатқан жоқ. Бұл қалай?

    Әңгімесінің соңында А.Ережепұлы канал тазалауға көмектесуді сұранды. Бірақ Ғ.Үсенбаев канал тазалауға жергілікті бюджеттен ақша бөлінбейтінін алға тартты.

     Жиында сөз алған ақсақалдардың бірі «өзеннің жоғары жағынан қытайлық бір компания зауыт салғалы жатыр» деген ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Егер  рас болса, бұған рұқсат бермеуді өтінді. Өйткені өзен суын төмендегі ел пайдаланады.

   Ғ.Үсенбаев расында да бір қытайлық компания қорғасын зауытынан шыққан қалдықтарын сатып алып, оны қайта өңдейтін зауыттың құрылысын бастағанын мәлім етті. Бірақ қазіргі уақытта құжаттардың толық рәсімделмеуіне байланысты  зауыт құрылысын құзырлы органдар тоқтатып тастаған. Ғ.Үсенбаев зауытты салу - салмау мәселесі бойынша жиналыс өтетінін, ол жиналысқа ауыл халқының да қатысатынын  алға тартты. Ал бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, қорғасын зауытының қалдықтарын өңдейтін кәсіпорынды қытайлық-қазақстандық біріккен компания салмақшы болған. Зауыт салатын жерді бизнесмендер жергілікті бір азаматтан сатып алған көрінеді. Компанияның құжаттарды толық рәсімдемей жатып, зауыт құрылысын бастап жібергені түсініксіздеу. Жалпы бұл жәйт алдағы уақытта тереңірек зерттеуді қажет ететін сияқты. Тұрғындардың алаңдаушылығы негізсіз емес.   

  - Әкім кетсе ауданымыз  ұзақ уақыт басшысыз қалатын болып жүр. Халқыма ұсыныс айтқалы отырмын.  Мына Ғалымжан әкім болсын, облыс әкімі Жансейіт  Түймебаевқа осыны жеткізгім келеді - деді жиында сөз алған азаматшаларды бірі. Бұл енді алдын ала бекітілген сценарий бойынша жасалды ма, жоқ па? Бірақ жиын соңында Ғалымжан Үсенбаевтың өзі «әкімдікке ұсыну» мәселесіне қайта тоқталып: “Ниеттеріңізге, көңілдеріңізге рахмет”,- деді.

   Ордабасы ауданы әкімінің креслосы былтыр шілдеде Рашид Қайыпжанов парамен ұсталып, сотталып кеткелі бос тұр. Содан бергі алты айда ауданға әлі әкім тағайындалған жоқ. Әкімнің міндетін атқару Ғалымжан Үсенбаевқа жүктелген. Алты ай бойы «и.о.»-дан «иеге» өте алмаған шенеунікке енді үміт артуға бола ма? 

    Жиыннан кейін бізбен тілдескен бір азамат Бөржар ауылдық округінің әкімі Ербол Алтынбаевтың Р.Қайыпжановпен бірге Сарыағаш ауданынан келген кадр екендігін алға тартып:

   -Ауыл әкімі болуға жергілікті жерден жөні түзу азамат шықпай қалды ма?- дегенді баса айтты.

   Кімнің ойында не барын қарапайым халық қайдан білсін? Кадр мәселесін қашан қара халық шешіп еді дейсің? Ордабасыға әкім тағайындауды жоғарыдағылардың шешетіні айдан анық қой. Бірақ сол жоғарыдағылар кадр тағайындауда халықтың пікірімен санаса ма?  Әкім болған адам елдің үмітін ақтай алады ма? Мәселе осында ғой.


Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

Рейтинг гәзеті