Білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді

Қысқаша

Жақында Төлеби ауданында жылдағы дәстүр бойынша ұстаздар қауымының тамыз кеңесі өтті.

24.jpgЖақында Төлеби ауданында жылдағы дәстүр бойынша ұстаздар қауымының тамыз кеңесі өтті. 

Кеңес барысында тек жетістіктер айтылып қоймай, түрлі мәселелр де сөз болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманаова конференцияға қатысушыларын құттықтай отырып, бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі мектептерді компютерлендіру екенін атап өтті. Ал, аудан әкімі Бауыржан Омарбеков білім саласындағы проблемалық мәселелерді шешу керектігін, мұғалімдер қоғамның интеллигенциясы ретінде тек бала тәрбиесімен айналысулары қажет екенін атап өтіп, мұғалімдердің негізсіз, ретсіз өзге де істермен немесе мектептің мәселелерімен айналыспау керек деп үндеу тастады.

Сондай-ақ, аудан әкімі жаңа оқу жылынан бастап жаратылыстану- математикалық пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін В1, В2, С сертификаттарын иеленген 81 ұстазға 12 млн. қаржы қаралатынын атап өтті. Жиын соңында аудан басшысы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбегі сіңген ұстаздарға сыйлықтары мен гүлдерін табыс етті. 

Тамыз кеңесінен соң, білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы моделін және қоғамдық сыбайлас жемқорлықты қабылдамау ахуалын қалыптастыру бойынша жиын өтті. Кеңеске аудан әкімі, аудан прокуроры, ҚР ҰҚК Төлеби ауданы бойынша бөлімшесінің басшысы және білім бөлімінің қызметкерлері, білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Жиында аудандық білім бөлімі басшысы Р.Аманованың және аудан прокуроры Д.Тлемисовтың аудандағы білім беру мекемелеріндегі коррупциялық қатердің ішкі және сыртқы анализі және еңбек қатынастары саласында коррупцияның алдын алу туралы баяндамалар оқылды. Нәтижесінде, мұғалімдер көптеген тың мағлұматтар алып, мектепте сыбайлас жемқорлыққа мүлдем жол бермей, болашақ ұрпақты адалдыққа баулып тәрбиелейтіндерін айтты.