Сапалы діни білім - кереғар діни ағымдармен күресте басты қару

Қысқаша

Сапалы діни білім - кереғар діни ағымдармен күресте басты қару

01.jpg

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында мың адамға лайықталған жаңа мешіт ашылды. «Есен ана» атты бұл мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы қатысып, лентасын қиды. 

– Отырар ауданында мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені зәулім мешіттің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын",- деп ізгі тілегін жеткізіп, мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға берді.

"Есен ана" мешітін отырарлық кәсіпкер Өскенбай Үсенов өз қаржысына салдырып, киелі мекен халқына тарту етті. Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасы аясында қолға алынған "Туған жерді түлету - перзенттік парыз!" акциясы ауданның әлеуметтік әлеуетінің артып, кескін-келбетінің ажарлануына жоғары деңгейде үлес қосып жатқаны белгілі. Мешітке білікті имамды шақырту арқылы, Отырар ауданында діни экстремизмді болдырмау, оның алдын-алу шаралары белсенді түрде жүргізіледі. Мешітте берілген сапалы білім - кереғар діни ағымдармен күресте басты қару. Осы жөнінде айтқан аудан әкімі бұл мешіттің маңызына тоқталды:

– Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Туған жерді түлету - перзенттік парыз!" аяциясы аясында ауданымызда ауқымды игі жұмыстар жүзеге асып келеді. Ауданнан түлеп ұшқан кәсіпкерлер Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өзіндік үлесін қосып, қолтаңбаларын қалдыруда. Соның бірі – ауданымыздың төл перзенті, меценат Өскенбай Серікбайұлы салдырған зәулім - "Есен ана" мешіті! Бұл мешіттің ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Еңселі мешітте дәстүрлі дін насихатталатын болады. Нәтижесінде, кереғар діни ағымдардың жетегіне кетіп адасу деген болмайды. 

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Өстемір Бектөреев пен зейнеткер Әбілқасым Құлымбетов жаңадан ашылған имандылық ордасы ауыл тұрғындары ғана емес, өсіп келе жатқан жастардың бойына имандылық нұрын құйып, ел-жұртты бірлікке, татулыққа ұйытсын деген ізгі тілектерін білдірді.