Маусымдық жұмысқа орналасқандардың ең азы 85 мың жалақы алады

Қысқаша

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол кар

8.jpg

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" шеңберінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 471 млн 70 мың теңге қаралған. Осы жобалар жүзеге асыру барысында 118 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың ең төменгі жалақысы 85 мың теңгені құрады.

Қазіргі таңда 8 жобаның да құрылыс жұмыстары басталған. Оның алтауы ағымдағы, екеуі күрделі жөндеу өткізілуде. Олардың қатарында Шарбұлақ, Қақпақ, Қызылқия, Қызылата ауылдарындағы жалпы орта мектептерге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары бар. Бұл білім ұяларына сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт мен газон төселіп, жарықшамдар мен бейнебақылау камералары орнатылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық баланың көрікті және жылы ғимаратта сапалы білім алуға қолайлы мүмкіндіктер жасалынады.

Сонымен қатар, Қазығұрт ауылында №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ғимараты ағымдағы жөндеуден өткізілді. Онда да ғимараттың есік-терезелері жаңаланып, пандус орнатылды. Мұнда 100-ге жуық бала спортпен шұғылдануға жағдай жасалды.

Одан бөлек, Қазығұрт ауылында Орталық саябақ ағымдағы жөндеуден өтіп субұрқақ (фонтан) жөнделді. 1850 шаршы метр жерге аяқ жол төселіп, жаңа орындықтар қойылуда.

Сондай-ақ, Қазығұрт ауылында Дендросаябақ ағымдағы жөндеуден өтіп 2326 шаршы метр аяқ жол жөнделді, 1780 шаршы метр жерге асфальт төселді, 24 орындық орнатылып, 105 метр гүл егу орны жасалынды.