Келес ауданында 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы басталды

Қысқаша

Келес ауданында 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы басталды



Келес ауданындағы халық көп шоғырланған Ошақты ауылдық округінің орталығында орналасқан №46 Абай атындағы орта мектепке қосымша корпус салынуы бойынша халық тарапынан сұраныс туындаған болатын. Халықтың талап-тілегін тыңдаған Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аталған мектеп ғимаратына қосымша оқу корпусын салу үшін тиісті жұмыстарды атқару бойынша мамандарға тапсырма беріп, нәтижесінде Республикалық жоба аясында мектеп құрылысы басталды.

image.png

Ошақты ауылдық округіндегі №46 Абай атындағы мектеп ғимаратына жаңа 300 орындық оқу корпусының құрылысымен қатар, спорт залы және асхана құрылысы қатар жүрмек. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаға тапсырыс беруші - Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы болып табылады.

Жалпы оқу ғимаратының бастапқы корпусы 1973 жылы пайдалануға берілген. Биылғы оқу жылын 1 098 оқушымен аяқтаған білім ошағының бүгінгі таңдағы сыйымдылығы – 630 оқушыға жоспарланған. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылы басталып, келер жылы пайдалауға берілуі жоспарланған. Жауапты мердігер мекеме – «АвтоРемСтрой ЛТД» ЖШС.

Сондай-ақ, Ошақты ауылдық округінің орталығынан бой көтеріп жатқан кіші футбол алаңын жергілікті кәсіпкер Абай Каюпов өз қаражатынан салуда. Кәсіпкердің мәлімдеуінше құрылыс нысаны күз айларына бітіп, пайдалануға беруді жоспарлау екен.

Оған қосымша ауданымызда спорт саласын дамытып, тұрғындарды салауатты өмір салтына бейімдеу үшін мемлекеттік жобалар жасалып, жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ тоқталсақ биыл аудандағы 5 ауылдық округінің орталық елді мекендерінде спорт алаңдары салынуда. Ағымдағы жылдың шілде айында құрылысы басталған нысандар тамыз айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.