Бағыс пен Тегісшілге газ келді

Қысқаша

Бағыс пен Тегісшілге газ келді

15.jpg

Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс ауылы мен оған жақын маңдағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары үш айдың ішінде орындалды. Бүгін, символдық түрде газ алауы жағылып, Бағыс және Тегісшіл ауылдарының үйлері табиғи газға қосылды. Газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, «ҚазТрансГаз» АҚ-ы Сарыағаш ауданының 14 елді мекеніне газ жеткізу жұмыстарын аяқтады. 

Шараға Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Шалқар Омарбеков қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Сөз алған ауыл ақсақалдары алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.

Табиғи газ жеткізілген Бағыс, Шымырбай, Дарбаза, Жаңаталап, Тегісшіл, Таскескен, Таскескен-2 Мәдениет, Мәдениет-2, Жылысу, Ақүй, Дастан, Алғабас, Құркелес елді мекендеріне көгілдір отын «Қақпақ» және «Таскескен» автоматты газ тарату станцияларынан берілетін болады. Газ қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратуда. 

Газдандыру жұмыстары қарқын алған Сарыағаш ауданындағы 71 елді мекеннің 38-сі газдандырылған, яғни ауданда газдандыру көрсеткіші 53,5% - ға жетті. Осы елді мекендерді газдандыру арқылы Түркістан облысы бойынша газдандыру деңгейі 66,2 пайызға жетіп отыр.




    A+
Уақыты: 2021-08-11  Айдарша: Өңір
TAG: