Түркістандықтар Маңғыстауға шөп жіберуде

Қысқаша

Түркістандықтар Маңғыстауға шөп жіберуде

Былтыр топан судан зардап шеккен Мақтаарал ауданы Өргебас ауылының тұрғындары Маңғыстау облысына 1 вагон мал азығы шөп жөнелтті. Ол Жаңаөзендегі шөп жетіспеушілігінен қиындыққа тап болған шаруаларға тегін үлестіріледі.

image.png

Ауданның құрметті азаматы Ережеп Қанаевтың бастамасымен ауыл халқы 1,6 миллион теңгеден астам қаржы жинап, қолдағы қаражатқа 1 100-ге жуық нығыздалған шөп (пресс) сатып алынған. Сондай-ақ, ауылдың 30-дан астам жігіттері Сарыағаш ауданындағы Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер тобына қосылған. Жақсылыққа жаны құмар жандардың айтуынша, қиын сәтте бір-бірімізге қолдау көрсету — азаматтық парыз.

Мақталы өңірде орын алған су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға республиканың түкір-түкпірінен көмек көрсетілгені ел ісінде. Сондықтан жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген Өргебас ауылының тұрғындары сын сағатта әрбір қазақстандыққа қолдау көрсетуге әзір. Мәселен, аудан тұрғындары бұған дейін де қатты дауылдан жапа шеккен Отырар ауданына 1 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсеткен.

Ал, Жетісай ауданының шаруалары 74 тонна пресс шөп жөнелткен. Батыстық ағайынға көмек көрсетуді шардаралық шаруалар жалғады.

Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің азаматтары шығынға ұшыраған шаруаларға жүк көлігімен 1000 дана пресс шөп жөнелтті. Сауабы мол іске С. Әбдіраманов бастаған ауыл тұрғындары, мешіт жамағаты және «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қорының мүшелері атсалысқан.

Шардаралық жомарт жандардың сөзінше, жиналмаған пресс шөбі әлі көп. Алдағы уақытта оларды тағы да жіберу жоспарлануда. Осылайша, қиындыққа тап болған батыс өңірінің жұртшылығына Түркістан облысының шаруалары қолдан келгенше жәрдем беруде.