Мүгедектер де қолөнерге бейім келеді

Қысқаша

Орталық мамандары емделушілер арасында бес саусағынан өнер тамған жандардың жетерлік екенін айтады. Әсіресе тері, былғарымен жұмыс істеуде ерекше қызығушылық танытады екен.

Screenshot_28.jpg

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде кембағал жандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау, медициналық көмек көрсету, жұмыспен қамту және оларды ортаға бейімдеу мен еңбекке баулу маңызды мәселе болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында  осы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты орынды мәселелер көтеріп, оларды жұмыспен қамту, еңбекке баулу, сауықтыру және құқықтарының қорғалуы керектігін қадап тапсырған болатын. 

Президенттің тапсырмасы аясында үшінші мегаполисте мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасалып келеді. Мәселен қаладағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңіл түрдегі еңбек, кәсіптік дағдылар үйретіледі. Орталықта ем қабылдаушылардың психикалық жай-күйі ескеріле отырып, қабілеттілеріне қарай 4 сағат көлемінде еңбек-емдеу терапиясы тағайындалған. Дәрігер-психиаторлардың нұсқауымен олар қолөнер бұйымдарын жасауда. 

Орталық мамандары емделушілер арасында бес саусағынан өнер тамған жандардың жетерлік екенін айтады. Әсіресе тері, былғарымен жұмыс істеуде ерекше қызығушылық танытады екен. 

- Мекемеде түрлі әдістерді қолдану арқылы коллаж картина жасау, түрлі-түсті қағаздарды белгілі пішінге келтіріп, түрлі тәсілдермен қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеміз. Тігіс, кесте, тоқыма жұмыстары да қатар жүргізіліп отырады. Емделушілердің табиғи бұйымдар және моншақтармен жасаған жұмыстары көздің жауын аларлықтай, - дейді орталық қызметкері. 

Бұдан бөлек, орталықта еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушының қадағалауымен көгалдандыру жұмыстарына, ағаш өңдеу, бөлме гүлдеріне күтім жасау, талдарды баптап өсіру секілді жұмыстарға баулиды. Қамқорлықтағы ер азаматтар сынған, бұзылған заттарды жөндеп, қайта өңдеу жұмыстарына көмектесуді де әдетке айналдырған. Қыз-келіншектер тобы арнайы жабдықталған тұрмыстық бөлмеде өз қолдарымен тәтті тағамдар пісіріп, ас мәзірі бойынша дастархан әзірлеуді үйренеді. 

Әр тоқсан сайын қолөнер бұйымдарынан көрме-қойылымдары ұйымдастырылып, үздіктер марапатталады. Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі жандарды ынталандырып, олардың еңбекке, өнерге құлшыныстарын арттыратыны сөзсіз. 

Айта өтсек, қалалық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 18-ден асқан психоневрологиялық аурулары бар І және ІІ-топ мүгедектеріне арнаулы әлеуметтік-медициналық, психологиялық және педагогикалық қызмет түрлері көрсетіледі. Жетпіс жылдық тарихы бар мекеме ғимараты бүгінде стационарлық үлгіде жасақталған. Онда асхана, кір жуу-монша кешені, спорт алаңы, күзет бөлімі бар. Барлық бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталып, қажетті техникалық базамен қамтамасыз етілген.


    A+
Уақыты: 2021-03-25  Айдарша: Өңір
TAG: