Көліктің майын ауыстырып, жастарға жұмыс тауып берді

Қысқаша

Бәйдібек ауданында мемлекет тарапынан жастарды ынталандыру, әлеуметтік қажеттіліктер

Бәйдібек ауданында мемлекет тарапынан жастарды ынталандыру, әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында іске асырылып жатқан жобалар жетерлік. Соның ішінде кәсіп ашып, несібемді табамын деген жастарға оқу-тәжірибелік те, қаржылай да көмек көрсетілуде. Мемлекеттің осындай жеңілдігін пайдаланып, бүгінде өз кәсібін дөңгелеткендердің бірі –жас кәсіпкер Ұлан Айтымбетов.

Ұлан орта мектепті тамамдаған соң, Шымкент қаласындағы Шымкент әлеуметтік педагогикалық академиясына оқуға түседі. Осында сырттай оқи жүріп, май ауыстыру бекеттерінің бірінде жұмыс істейді. Оның болашақ кәсібіне деген қызығушылығы, жоспары осы жерден-ақ бастау алса керек. Араға көп уақыт салмай-ақ, дипломы қолға тиген соң, туған ауылына келіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, бизнес-жоспары қабылданып, 2012 жылы аудандық салық басқармасына алғашқы жас кәсіпкер болып тіркеледі. Осылайша Бәйдібек ауданында май ауыстыру мен автокөлік бекетін ашады.
– Алғашқы жылдары өзіме жұмыс жасадым. Екі жылдай уақыт өткен соң, аудан орталығында «Кәсіпкерлік мектебі» ашылды. Облыс орталығынан арнайы мамандар келіп, дәріс жүргізе бастады. Мен де сол мектептен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қолыма «сертификат» алдым. Келесі жоспарым кәсібімнің аясын кеңейту мақсатында қаржы көлемін арттыру еді. Сонымен «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» банкінен төменгі пайызды несие алып, қажетті техникаларға қол жеткіздім, бірнеше жасты жұмыспен қамтыдым. Май ауыстыру мен автокөлік дөңгелегін желімдеу бекетін ретке келтіріп, заманауи құрылғылар сатып алдым, – дейді жас кәсіпкер.
Осы жылдың маусым айында Ұ.Айтымбетов «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан жеңілдетілген пайызбен, кепілсіз беріліп отырған 2 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Жас кәсіпкер бұл ақшаға да көлік қызметтерін одан әрі ауқымды түрде кеңейтіп, елдің игілігі жолында жұмыс істемек. Осылайша еңбектің көзін тауып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген Ұлан Айтымбетовтің ісі көп жасқа үлгі-өнеге.