Қасым-Жомарт есімін беріп, домбыра сыйлады

Қысқаша

Перзентханаға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев жас аналарды мерекемен құттықтады.

Бәйдібек ауданында 6 шілде – Нұр-Сұлтан қаласы күні және Ұлттық домбыра күні мерекесі қарсаңында туылған алғашқы сәбиге Қасым-Жомарт есімі беріліп, домбыра сыйға тартылды. Перзентханаға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев жас аналарды мерекемен құттықтады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында белгіленіп отырған «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде туылған ең алғашқы сәбиге аудан әкімдігі тарапынан шілде айында босанған жас аналардың нәрестелеріне домбыра тарту етілді.
Шаян ауылдық әжелер алқасының төрайымы Әтір Әлиева жас аналарға ақ жаулық жауып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберген Төлешов ұлттық домбыра күні мерекесі аясында туылған алғашқы сәбиге «ел бастайтын азамат болсын!» деп Қасым-Жомарт деп ат қойып, ақ батасын берді.
Айта кетерлік жайт шілде айының алғашқы күндігінде аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде тоғыз ана босанған. 6 қыз, 3 ұл дүние есігін ашқан.