Елбасы-төрт дүркін төраға

Қысқаша

Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары Кеңесінің шешімімен, қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

092cfe910317eb9ba79d9fbef1d1a093.jpg

 Н.Назарбаевқа осындай мәртебенің берілетіндігі туралы әңгіме өткен сәуір айында шыққан болатын. Сәуірдің соңында Астанада өтетін Еуразиялық одақтың жиынында салтанатты жағдайда тапсырылады деген еді.  Алайда сарапшылардың айтқаны бір ай кеш іске асты.

 

Бір ай кешіксе де Қазақстанды осы айтулы шараға алдын ала жақсы дайындықпен келді деуге болады. Бір күн бұрын Одаққа мүше Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдерінің президенттері (неге екендігі белгісіз Арменияның премьері Н.Пашинян бұл тізімге енбей қалды) Нұрсұлтан Назарбаев орденімен марапатталды.

 

Тоқаевтың шығарған осы жөніндегі Жарлығына қарағанда, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені В.Путинге, А.Лукашенкоға, С.Жээнбековке  Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 5 жылдығына орай, сондай-ақ Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге қосқан айрықша үлесі үшін берілген. Іш президентке орденді Н.Назарбаевтың өзі, оларды жеке-жеке қабылдау барысында табыс етті. Өзінің атындағы орденді өзі тапсырған да бір ғанибет тірлік екен.

 

– Бес жыл бұрын, Сіз және Александр Лукашенко үшеуміз осы одақты құрдық. Біз жүзеге асырған бұл идея менің тарапымнан 25 жыл бұрын ММУ қабырғасында ұсынылған болатын. Қиын уақыттарға қарамастан, арамыздағы өзара сауда өсіп келеді. Бірлескен кәсіпорындардың саны артуда.  Еуразиялық экономикалық одақ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйымдармен интеграция жолымен жүруі тиіс деп есептеймін. Бізге осы жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Назарбаев орденді Ресей президенті Путинге тапсыру кезінде.  Владимир Путин өзіне тапсырылған марапат үшін Елбасына алғыс айтты және жан-жақты диалогтың әрі қарай нығая беретініне сенім білдірді.

 

– Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екі жақты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара стратегиялық іс-қимылын дамытуда атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте Сіздің зор еңбегіңіз бар, – деді Ресей президенті. 

 

«Сыйға-сый» дегендей, Путин де кезегі келгенде қарап қалған жоқ. Назарбаевты құрметті атаққа ұсыну дәл осы Ресей президентінің аузынан шыққан... Осы жерде тоқтала кетейікші,  бұл өзі атақ па, әлде қызмет пе? 

 

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі шара еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімнің 5 жылдығына арналып отыр.  Еуразиялық  интеграция идеясының авторы және бастамашысы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке құрмет көрсетуге рұқсат етіңіздер.  Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси  көрегендігінің арқасында еуразиялық  интеграция идеясы шынайы жүзеге асырылып, құрлықтың экономикалық, сонымен қатар геосаяси ландшафтын түрлендірді десек те болады. Сондықтан оның Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы рөлін ескере  келе РФ Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлына  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің Құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды», - деді Жоғары Еуразия экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

–Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы интеграциялық жобаны жүзеге асырудағы ролі зор. 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев осындай  еуразиялық интеграция құруды ұсынды. Бес жыл бұрын ол идея жүзеге асты. Біздің ендігі міндетіміз осы қарым-қатынасты ары қарай жалғастыру, - деді Армения премьері Н. Пашинян.

 

Енді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасының немен айналысатынына тоқталсақ. Шыны керек, бұл сұраққа жауап табу қиындау. Н.Назарбаев кеңестің құрметті төрағасы. Одақтың емес. Сондықтан ол алдағы уақытта одаққа мүше елдердің президенттерімен бірге Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесіне қатыса береді. Яғни, мұндай жиынға Қазақстан атынан екі адам, Назарбаев (құрметті төраға) және Тоқаев (президент) қатысады деген сөз. Бұдан басқа әзірге пәлендей міндеттеме байқалып тұрған жоқ. Мұны Еуразиялық одақтың мерейтойлық шарасына орай Н.Назарбаевқа көрсетілген құрмет деп қабылдаған дұрыс сияқты.

 

Мұның алдында Тұңғыш Президентке тағы бір төрағалықтың тізгіні тапсырылған болатын. Түркияның сыртқы істер министрі М.Чавушоглу Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді. Осындайда қайбір жылы Түркістанда Түркия президенті А.Гүлдің Назарбаевтың иығына шапан жауып, қолына асатаяқ ұстатып, оған түркі әлемңнің көшбасшысы деп, құрмет көрсеткені еске түсіп отыр.

 

Осылайша Н.Назарбаевтың төрағалығының саны жаңылыспасақ төртке жетті. Елбасы біріншіден,  Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Екіншіден, «Нұр Отан» партиясының төрағасы. Міне, енді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы және Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы төрағасы атанды.

 

Тек соңғысы ғана емес алдыңғы үшеуінің тізгіні де Н.Назарбаевқа ғұмыр бойы берілгеніне ешкімнің күмәні жоқ шығар.

Рейтинг газеті