Ауданда ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Қысқаша

Бүгін Отырар аудандағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі жалғасын тапты.

23.jpgБүгін Отырар аудандағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі жалғасын тапты. Алқалы жиын басталар алдын аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен облыстық білім басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов бастаған топ Мәдениет сарайының фоесінде ауданның білім саласындағы жетістіктері мен даму перспективасы туралы көрмемен танысты деп хабарлайды Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі. 

Кеңес барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған бөлім басшысы білім саласындағы игі жаңалықтарды атап өтті.

2018 жылы аудандағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 10924 оқушы алтын ұясындағы білімін жетілдіреді. Есепті хабарламада биыл ауданның білім беру саласына 5,6 млрд теңге қаржы қаралып отырғаны айтылды. Бұл білім саласына үкіметіміз айрықша қамқорлық жасап отырғанының айқын дәлелі. Үстіміздегі жылы Темір ауылындағы С.Әлиев атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек Мыңшұқыр елдімекенінен 300 орындық мектептің құрылысы басталып, оған 824,2 млн. теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ 2017-2018 оқу жылында Ш.Қалдаяқов, Жамбыл, Ө.Жәнібеков, М.Әуезов мектептерінің работотехника пән кабинеттеріне 4 компьютер мен 4 интерактивті тақта, 20 ноутбук алынған. Жүйелі жұмыстардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырғаны үшін аудан педагогтарына алғыс айтқан Жанат Мұсатаева ұстаздарды жаңа оқу жылында жаңаша қарқынмен жұмыс істеуге шақырды.