Әкімдік пен кәсіпкерлер құстың қос қанатындай бірлесіп жұмыс істейді

Қысқаша

Кез-келген мемлекетте кәсіпкерлермен бірлесе тығыз жұмыс істеген билік көптеген белестерді бағындырады. Құстың қос қанаты секілді бірлесе жұмыс істеген қос тарап алыстарға самғайды.

8.jpgКез-келген мемлекетте кәсіпкерлермен бірлесе тығыз жұмыс істеген билік көптеген белестерді бағындырады. Құстың қос қанаты секілді бірлесе жұмыс істеген қос тарап алыстарға самғайды.

Жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков өңірдегі 30-дан аса экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерімен кездесті.  

Жиында республиканың экономикасын дамытуда отандық өнімдердің экспортқа шығуы жоғары маңызға ие екендігін тілге тиек еткен Ербол Қуанышұлы кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін көтеру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді. 

- Қазіргі таңда кәсіпкерлердің көрші елдер нарығына кіруіне белгілі тосқауылдар бар. Олар өндірістік көлемінің жеткіліксіздігі, тасымалдау мәселелерінің жолға қойылмағандығы немесе кедендік кедергілер. Міне, осындай мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп, компанияның экспортқа шығуына дейін сүйемелдеу мақсатында біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының мамандарынан құралған, - деді облыс әкімінің орынбасары. 

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 50 әлеуетті экспорттаушы компания бар. Олар тауарларын Еуроодақ елдеріне, Қытай және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруда. Алайда, экспорт көлемін арттырып, жалпы шет ел нарығына шығуда кедергілер жоқ емес. Кездесу барысында кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу процедурасын жеңілдету, өндіріс көлемін арттыруға қаржылай көмек көрсету және экспорттық келісім-шарттарды сақтандыру бойынша қолдау қажеттігін айтты. 

Аталған мәселелер тиісті сала мамандарына жүктеліп, облыстық әкімдік тарапынан бақылауға алынатын болды. Жиын соңында кәсіпкерлер барлық даму институттарының басшыларымен кездесіп, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілді.