«Астана» Еурокубокта неге қатарынан төрт матчта гол соққан жоқ?

Қысқаша

Биылғы маусымда еурокубокта қалған жалғыз командамыз «Астана» Кипрде жергілікті АПОЭЛ клубынан ұтылып қалды. Бұл Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама беретін плей-офф бәсекесіндегі алғашқы ойын. Матч 1:0 есебімен аяқталды. Алда қарымта кездесу бар.

1007.JPGЕліміздің 4 дүркін чемпиондары алғаш рет еурокубокта қатарынан 4 матчта гол соққан жоқ. Бұған дейін Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойында Данияның «Мидтьюлланд» командасымен тең тарқасты. Матчта есеп ашылған жоқ. Сосын үшінші кезеңде «Динамо Загребтен» ұтылды. Астанадағы ойын 0:2 есебімен аяқталса, Хорватияда алаң иелері 1:0 есебімен басым түсті. Енді Еуропа лигасының плей-офф бәсекесінде АПОЭЛ қақпасының кілтін тапқан жоқ.

Шабуылшылар әлі бабына келмеген

Команда гол соқпаса бірінші кезекте кінәні шабуылшылардан іздейтініміз анық. «Астана» жазғы трансферде гол соғып жүрген шабуылшыларымен қош айтысты. Орнына алған ойыншылары әзірге сенімді ақтап жатқан жоқ.

Командадан алдымен Патрик Твумаси кетіп қалды. Ганалық шабуылшы соңғы 4 жылда «Астананың» негізгі голедорларының бірі болды. Ол 171 матчта 69 гол соққан. Әріптестеріне берген нәтижелі пастарының саны – 27. Твумаси сонымен қатар «Астананың» еурокубоктағы да үздік сұрмергені. Әзірге оның орнын басатын футболшы болмай тұр. Айта кетейік, 24 жастағы футболшы жазғы трансферде Испанияның «Алавес» командасына ауысып кеткен.

Ганалықтың орнын басады делінген бразилиялық Педро Энрике әзірге көзге түсе алар емес. Твумасидің бір ерекшелігі өте жылдам ойыншы болатын. Сондай-ақ соққысы да мығым. Кез келген нүктеден теуіп, қақпа торын тулатып кететін әдеті бар.

– Педро Еуропа танымал футбол мектептерінен өткен футболшы. Франция, Швейцария, Грекия чемпионаттарында ойнады. Еуропа Чемпиондар лигасында тәжірибесі бар. Осындай ойыншыны қатарымызға қосқанымыз жолымыздың болғаны. Энрикенің жасы бар-жоғы 28-де. Нағыз тау қопаратын кезі, – деп «Астана» клубының бас бапкері Роман Григорчук баспасөз мәжілістерінің бірінде мақтауын келтіріп еді.

Твумасиден бөлек, сербиялық шабуылшы Джордже Деспотович те «Астанамен» келімшартты үзген еді. Дәлірегі соған мәжбүр болды. Өйткені, орталық шабуылшының міндетін атқару үшін командаға Рангела Янга мен Джуниор Кабананга келді. Сосын қазақстандық Алексей Щеткин бар. Деспотович суперфорвард болмаса да, арасында гол соғып қоятыны бар еді. Янга тек премьер-лигада «Ақтөбе» қақпасынан саңылау тапты. Сонымен тынды. Кабананга әзірге бабына келіп үлгермеген.

Деспотович Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Сутьеска» қақпасына гол соққан футболшылардың бірі. Кабананга мен Янгаға қарағанда физикалық тұрғыдан да қазіргі кезде әлеуеті жоғары болатын. Былайша айтқанда бабында жүрген ойыншының бірі еді. Осындай маңызды кезеңде мұндай ауыс-түйіс жасаған клубтың селекционерлерінің жұмысын түсіне алмадық.

Қорғаныста да мәселе бар

Былтыр Станимир Стойлов бапкер болғанда «Астананың» орталық қорғанысын Аничич-Логвиненко жұбына табыстайтын. Биыл қыста Юрий Логвиненко Еуропа лигасының 1/16 финалында «Спортингпен» өткен матчта екі өрескел қателік жіберді. Одан кейін жарақат алды. Сосын жиі қосалқы құрамда қалып жүрді. Роман Григорчук те Юраға сенім білдіре қойған жоқ.

Биыл жалпы алғанда премьер-лигада болсын, еурокубокта болсын негізінен бұл міндетті Аничич-Постников жұбы атқарып жүр.

Өкінішке қарай, «Динамо Загребпен» өткен алғашқы ойында Марин Аничич жарақат алып қалды. Сосын қарымта матчта оның орнын Сергей Малый басты. Кипрдегі ойында да Логвиненко қосалқы құрамда қалып, Малый ойнады.

Бір жылдың ішінде қорғаныс шебінде де өте үлкен өзгеріс орын алды. Одан бөлек, оң қапталдағы Беларусь Игорь Шитовты да еліне қайтардық. Оның орнына сербиялық Антонино Рукавинаны аттай қалап алдырдық. «Вильярреалда» өнер көрсеткен, әлем чемпионатына қатысқан деген жарнамасы жер жарып тұр.

Стойловтың кезінде арасында алаңға шығып тұратын Абзал Бейсебеков секілді өзіміздің жергілікті футболшыларды Григорчук келгелі көрмейтін болдық. Әйтеуір соңғы мачта Бабаян 1-2 минутқа алаңға шығарды.

Команда болдырып қалған

«Астана» клубының Президенті Саят Хамитжанов команданың соңғы кездегі сәтсіздіктерін маусымды ерте бастаумен байланыстырып отыр.

– Меніңше, негізгі себеп, біз команданы қыста Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Спортингпен» кездесу үшін ерте дайындадық. Былтыр маусымды кеш аяқтадық. Футболшыларға өте аз уақыт демалыс берілді. Бірден оқу-жаттығу жиындары басталып кетті. Біз маусым барысында осындай аздаған кризистің болатынын сездік. Өкінішке қарай, дәл сол кризис шешуі сәтке келіп тірелді. Қазіргі кезде бапкерлер құрамына осы мәселені шешу жүктеліп отыр. Олар бұл тығырықтан қалай шығатынын алдағы уақытта білетін боламыз, – дейді Саян Хамитжанов клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.

Мұндай пікірді танымал футбол комментаторы Амангелді Сейітханда айтып отыр. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай жазыпты:

– Біріншіден, «Астана» маусымға ерте дайындалды. Әлгі Еуропа лигасының кездесуін өткізу үшін. «Спортингке» қарсы. Сол кезде бірнеше рет сұрадық та, Станимир Стойловтан. «Кейін қалай болады?», – деп. Белгілі ғой, ерте бабына келген команда жазда титықтап қалады. «Кезінде көреміз», – деді БОСС. Кезі кеше келді. Екіншіден: Ауыс-түйіс деген бар. Трансфер. Кім кетті, кім келді? Патрик Твумаси жоқ. Ол кетті дегенше, команданың бір бүйірі тесілді деп топшылаңыз. Допты жетекке алатын да өзі, қарсыластарынан айласын асырып, топыр-топыр өтетін де өзі. Пас беретін де, гол соғатын да. Мұндай футболшыдан айырылу мұң. Оның орнын басатын ешкім жоқ, қазір. Жалпы соңғы ауыс-түйістерден түйгеніміз. Антонио Рукавинадан басқасы әншейін ойыншылар. Кәтепті қара нарға ұқсамайды. Ричард Алмейдадан не күтуге болады? Педро Энрике мен Рангело Янга да «Астананы» ұшпаққа шығаратын жігіттер емес. Екеуінен Роман Мұртазаев әлдеқайда әлді. Рас, Станимир кезіндегі бабына енсе. Демек, селекциямыз солғын әрі солқылдақ болды. Бұлардан Каньяс қайырлы еді. Үшіншіден: Ласло Кляйнхайслер қорғаныстан шабуылға бейімделді. Себебі, Ласлодан басқа іліп алар ойыншың жоқ, орта тұстан жасындай жарқылдайтын. Серікжан Мужиковтың да жігері мүжіле бастаған секілді. Әлде оның да қайрағы жоқ болар, Григорчук Стоилов емес. Марин Томасов та шау тартты. Мосының үш бұты секілденген жігіттердің ойыны сетінеп барады. Тағы да сол қара күштің сарқылғаны деп түсінеміз. Қыс көзі қыраудан доп теуіп келеді, оңай дейсіз бе. Болдырады ғой. Осы үш себеп, команданың құлдырауына «қызмет» еткен. Енді құрдымға кетпеудің қамын ойлау керек. Ол үшін Роман бапкер ақылына жүгінсін, – дейді Амангелді Сейітхан.

Григорчук қайда кетті?

«Астана» Чемпиондар лигасының «Динамо Загребтен» жеңілген соң, бас бапкер Роман Григорчук уақытша демалыс алып, кетіп қалды. Оның орнына уақытша бұл міндетті көмекшісі Григорян Бабаян атқармақ. Жауапты ойын алдында бас бапкердің бұл әрекетін көпшілік түсінбей жатыр.

– Мен клуб президенті Саян Хамитжановқа жеке жағдайымға байланысты клубтан уақытша босату туралы өтініш жаздым. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Алайда, маған осы уақыт аралығында көмектескен, мен болмаған кезеңде бас бапкердің міндетін Григорий Бабаянға сеніп тапсыра аламын. Ол команда ойыншыларымен толықтай таныс және мен келген уақытқа дейін жұмыс барысына, клубтың нәтижелеріне кері әсерін бермейді деген сенімдемін. Сондай-ақ клуб Президентіне менің өтінішімді қабыл алғаны үшін ерекше алғысымды білдіремін» - дейді Роман Григорчук клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Қазіргі кезде Григорчуктің бұл әрекетін сан-саққа жүгіртіп жатқандар көп. Спорт журналисі Нұрғазы Сасаевтың болжамы мынандай:

– Григорчукке басқа команда, жұмыс тауып алуға мүмкіндік берілді. Әзірше жұмыс орны сақталады.Чемпиондар лигасынан кейін, Еуропа лигасынан да тыс қалса, Григорчукті ешкім басынан сыйпамайды. Сол үшін ол осындай қадамға барды, – дейді сарапшымыз.

Екі күннен соң «Астана» командасы «Астана Арена» стадионында Кипрдің АПОЭЛ клубын өз алаңында қабылдап, Еуропа лигасының топтық кезеңіне беретін жолдаманы сарапқа салады. Төрт матч бойы қарсылас команданың саңлауын таба алмай келе жатқан елорда командасы бейсенбі күні қалайда гол соғуы қажет. Егер, «Астана» бұл матчта да гол соға алмай тең ойнайтын болса, онда еліміздің футбол жанкүйерлер Еурокубок додаларын тек телеарнадан тамашалайтын болады. Сондай-ақ «Астана» үш жылдан кейін Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне тұңғыш рет қатыспайын деп тұр. Сондықтан «Астана» клубы бұл ойында кем дегенде 2 гол соғуы тиіс. Сонда ғана топтық кезеңге шыға алады.