Жетісайда мақта өнімділігі гектарынан 25 центнерден түсті

Қысқаша

Жетісайда мақта өнімділігі гектарынан 25 центнерден түсті

1541484921908644.jpg

Түркістан облысы Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналды. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өнімділік гектарынан 25 центнерден түсті. Ауданда мақта теру науқаны әлі де жалғасуда. Жетісайлық шаруалар енді бірер күнде бірінші терім жұмыстарын толығымен аяқтайды. Бүгін бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов мәлім етті. 

Биыл Жетісай ауданында 48226 гектарға мақта дәні себілген. Болжам бойынша әр гектардан 24,6 центнерден өнім алу күтілген болатын. Ал биылғы гектар түсімі 25 центнерге жетіп отыр. Мақта түсімділігі жағынан Ж. Ералиев ауыл округі оқ бойы озық шықты. Мұндағы шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім алса, 26.8 центнерлік түсім көрсеткішімен Жаңаауыл ауыл округі келеді. Ал Ынтымақ ауыл округінің мақташылары 26,5 центнерлік өнімділік көрсеткішін көрсетіп отыр. 

Ақ алтыннан жақсы нәтиже көрсеткен қожалықтардың қатарында Мақталы ауыл округі Алмалы ауылындағы «З-Асаната» фермерлік қожалығы да бар. Аталған қожалық биыл 160 гектарға мақта дақылын сеуіп, 400 тоннадай ақ алтын алуды жоспарлап отыр. Қожалық мақтаның әр гектарынан 30 центнерге дейін өнім жинауда. Қазірдің өзінде қожалық өзіне тиесілі 100 гектар мақта алқабын теріп біткен. 

– Қожалығымызда техника жеткілікті. 1 «Джондир» комбайнымыз тәулігіне 30 гектарға жуық жердің мақтасын теруге қауқарлы. Бұдан бөлек, бір мақта қабылдау бекетіміз бен 5 тракторымыз бар. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, –  дейді қожалық төрағасы Оспан Асанов. 

«З-Асаната» фермерлік қожалығы «Джондир» комбайнын ауданға алғаш әкелгендердің бірі. Бұл ретте олар мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы құны 150 млн теңгеге техника сатып алыпты. Қазіргі таңда заманауи техникалардың тиімділігін көріп отыр.