Әлеуметтік желілер - сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи құрал

Қысқаша

Әлеуметтік желілер - сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи құрал

1540825474447061.jpg

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғ. Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы Түлкібас аудандық филиалында тұрғындармен жеке қабылдауы өтті. Жалпы, департамент басшысы аудандарды аралап, халықпен жиі кездесу өткізуде. Мұндай кездесу тұрғындар үшін өте маңызды. Олар осы кездесуде көкейлерінде жүрген сауалдарын тікелей басшыға қоя алады. 

Басшының жеке қабылдауына алдын-ала жазылған Түлкібас ауданының тұрғындары қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтар негізінен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын жартылай өзгертуді заңдастыру және «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі бойынша туындаған мәселелерге қатысты болды. Департамент басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына тиісті жауаптар беріп, Департаменттің барлық қызмет бағыттары бойынша кеңес беруге дайын екенін жеткізді. 

Сонымен қатар, Ғалым Сұлтанұлы Сайрам ауданының тұрғындарымен де кезекті жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға аудан және елді-мекендерден алдын-ала жазылған тұрғындар қатысып, өз сұрақтарын қойды. Сұрақтар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметшілерге факторлы-баллдық шкала бойынша еңбекақы төлеу, мемлекеттік органдарда смартфон телефонын қолдану және отбасы мүшелеріне анықтама алу мәселелеріне қатысты болды. Ғ.Тұрсынбаев жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына тиісті жауаптар берді.

Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтарға «Қоғамдық бақылау картасы» әзірленгенін, карта танымал әлеуметтік желілер (Facebook, VK, Instagram және WhatsApp) арқылы ұсыныс, пікірлермен бөлісуге болатынын айтты. Тұрғындармен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнату – өте тиімді. Себебі, қазір барлық адам әлеуметтік желіні қолданады. Олар басшының алдына кіру үшін кезек күтіп, есік аңдымай-ақ, үйде отырып, өзін мазалаған сұрақтарды тиісті жерге жібереді. Тұрғындардан келіп түскен сауалға департамент қызметкерлері дер кезінде жауап береді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты жоюға зор септігін тигізеді. Себебі, мұнда оларға ешқандай қысым жасалмайды. Әлеуметтік желі арқылы өз атымен болсын, анонимді атпен болсын, орын алып жатқан түрлі мәселелерді көтеріп, сыбайлас жемқорлық фактісін болдырмайды. 

Осыған орай, департамент ұжымы әлеуметтік желілермен тығыз жұмыс істеуде.