Отырарлықтарға МӘМС-тің маңызы жайлы түсіндірілді

Қысқаша

Отырарлықтарға МӘМС-тің маңызы жайлы түсіндірілді

0.jpg

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары — 100 нақты қадамның» 80 қадамында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» қажеттілігін ұсынған болатын. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген жаңа жүйені түсіндіру мақсатында Түркістан облысы, Отырар ауданына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Берден келіп, отырарлықтармен кездесті.

Ел тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру, медициналық дәрі-дәрмектерге деген қолжетімділікті арттыру мақсатында қабылданған жүйе туралы Ахмет Сейсенбайұлы тоқталып баяндама жасады. Баяндамасында: «Кез-келген азамат ауырып қалса емделуге ақшаны қайдан аламын деп қам жемей, міндетті медициналық сақтандыру қорында жиналып тұрған қаражатқа қажетті емін ала алады. Жүйеге әлемнің дамыған мемлекеттерінде қолданылған тәжірибенің ең озық үлгілері қолданылғандықтан, мемлекет тарапынан салымшылардың төлем мөлшеріне қарамастан барлығына да тең мүмкіндік қарастырылған» деп, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.

Өз кезегінде тұрғындарды толғандырған бірнеше сауалдарды жолдаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов аталған кездесулердің маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Аудан басшысы алдағы уақытта тұрғындарға кеңінен түсіндіру үшін лекторлар көптеп тарту қажеттігін ескеруді ұсынып, түсіндірме жұмыстарымен келген топ мүшелеріне алғысын білдірді.