Оқушыларға ең басты бақыт - бейбітшілік екендігі түсіндірілді

Қысқаша

Оқушыларға ең басты бақыт - бейбітшілік екендігі түсіндірілді

1.jpg

Әлемді лаңкестік, содарлар сойылы қысып тұрған заманда – тып-тыныш, жайма-шуақ мемлекетте өмір сүру зор бақыт екенін білесіз. Діни ахуалы күйіп тұрған Таяу Шығыстан қашып келген босқындар бұл дүниеде ең басты бақыт – тыныштық, бейбітшілік екенін айтып жатады. 

Сол себепті, әрбір мемлекет діни ахуалды қиындатпай, халқына қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнатып бергені абзал. Яғни, халық «қашан бомба түседі, лаңкестер ылаң салмай ма, бала-шағамды іліп алып кетпей ме» деген қорқынышты білмеуі керек.

Осыған орай, бүгін Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі мен "Даму" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты №2 Хамза атындағы жалпы орта мектебінде "Түркістан қаласы тұрғындары арасында кері ағымдардан сақтауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары" тақырыбында кездесу өтті. Кездесуде дінтанушы, теолог мамандар Өтеген Бердуали мен Нұриддинов Бахауаддин қатысып, тұрғындарға кереғар діни ағымдардың қауіптілігі, әлеуметтік желілерде діни материалдар таратпау, діни экстремистік ұйымдардан сақтану керектігі жөнінде мағлұматтар беріп,кері ағымдардан сақтауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесуге мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары қатысты. Кездесу №2 Хамза атындағы жалпы орта мектебінің директоры Мұхамеджанов Замир мырзаның ұйытқы болуымен өткізілді.

Жалпы, мұндай кездесулердің берері өте көп. Кездесуге келген жандар бейбітшіліктің зор бақыт екенін, көптеген елдер осындай бақытты сезіне алмай отырғандарын білді. Кереғар діни ағымдардың жетегінде кетпей, қандай жағдай болмасын өз елінде қалып, жайма-шуақ діни ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз үлестерін қосатындарын айтты.