Шымкент «Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша екінші орында

Қысқаша

Шымкент «Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша екінші орында

Screenshot_1.jpg

Шымкент қаласы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаларды субсидиялау ісінде Алматыдан кейінгі екінші орында тұр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев мәлімдеді.

Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 50,6 млрд теңге болатын 65 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны ашылған.

Шымкентте биыл жалпы алғанда бұл бағдарлама бойынша 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланған. Ол үшін 83,4 млрд. теңге қаржы қаралған. Бағдарламаға 84 кәсіпорын қатысу үшін өтініш білдірген. Бүгінге дейін 65 жоба қаржыландырылса, қазір екінші деңгейдегі банктерде 4,2 млрд теңге сомасындағы тағы бес жобаны жүзеге асыру қарастырылуда.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдағаны белгілі.

Қарапайым заттар экономикасын дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, бәсекеге қабілетті өндірістер құру. Ең бастысы импортты отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен алмастыру.

Айта кету қала әкімінің орынбасары А.Саттыбаевтың айтуынша екі ай бұрын Шымкентте осы бағдарламаға түзетулер енгізіліп, онда қолдауға жататын басым қызмет түрлері мен тауарларды кеңейту, лизингтік компанияларды бағдарлама операторлары ретінде қосу көзделген екен.

Бағдарламаның арқасында 2025 жылға қарай кредиттелетін тауарлар бойынша импорт үлесі 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендеп, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде.