Түркістан облысында мақта 100 мың теңгеге қымбаттады

Қысқаша

Түркістан облысында мақта 100 мың теңгеге қымбаттады



Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақта терімі басталды. Бүгінде шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат.

image.png

Өңірде 18 мақта өңдеу зауыттарының 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Биылғы жылы 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жиналуы керек. Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалармен кездесті. Жаңартылған техникамен танысып, диқандарға көмектесті. Жастық шағын еске түсіріп, мақта терді.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды, дейді.

– Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды арттырғанын көрдік. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен селитра мен дизель де жеткілікті болды. Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмыстары жүре берсін. Елдің рахметін алып жатыр, ризамыз. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы, бұдан жігірленіп, келер жылы жұмыс істейміз деп ойлаймыз, – деді шаруа қожалығының иесі Мұрат Құрбанов.

Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда табады. Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерімен бөлісті.

– Осындай өнім алып, тауар өндірушілердің әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыруға бұл Мемлекет басшыларының екіжақты ынтымақтастық туралы келісімінің арқасында. Өйткені, бұл екі аудан да трансшекаралық Достық каналы арқылы су ішеді. Су Өзбекстан Республикасы арқылы келеді. Жақсы жұмыстар нәтижесінде биылғы қуаншылыққа қарамастан Мақтаарал мен Жетісай аудандары тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр, – деді ол.

    A+
Уақыты: 2021-09-18  Айдарша: Өңір
TAG: