Алдымен идеологияны жандандыру қажет - Шымкентте ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісі өтті

Қысқаша

Алдымен идеологияны жандандыру қажет - Шымкентте ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісі өтті

Шымкенттегі  «Жастар ресурстық орталығында» қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

image.png

Мәжіліске Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлер және белсенді жастар қатысты.

Алдымен басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев басқарманың өткен жылы тындырылған тірліктерімен таныстырды.

Баяндамада шаһардың қоғамдық-саяси ахуалы, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, этносаралық қатынастар, ақпараттық саясатты жүргізу, жастар және отбасы саласы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері айтылды. 

Одан әрі сөз алғандар бірінші идеологияны жандандыра түсу керектігі, сондай-ақ, жастар арасында болып жатқан түрлі келеңсіз жайттар туралы, оның алдын алу туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ұсыныстар да айтылып, қала әкімінің орынбасарынан айтылған ұсыныстарды ескеруін өтінді.

Соның бірі қалалық мәслихат депутаты Жанар Бектаева ұлтты тәрбиелеуде идеологиялық құрал мықты рөл атқаратындығын айта келе, өзінің осыған қатысты жобасы барын айтып, егер қолдап жатса бөлісетіндігін жеткізді. 

Алқа мәжілісінің соңында әкім орынбасары Сәрсен Құранбек қорытындылап, талап-тілектерді ескеретінін, айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығарылатынын, алдағы уақытта да басқарманың кеңейтілген алқа жиынын ұйымдастырылып тұратынын айтты.