Білімді жастар бақ сынады

Қысқаша

Білімді жастар бақ сынады

Түркістанда жастар саясатын жүзеге асыру, дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру, интеллектуалды ортаны қалыптастыру, ораторлық мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыруымен республикалық «Al-Farabi» интеллектуалды ойыны өтті.

Screenshot_41.jpg

Аталмыш сайысқа 50-ге жуық команда қатысты. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 200-ден астам жас бақ сынады. Ойынның іріктеу кезеңінде өзара мықтыны анықтаған командалар, тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Сайыстың екінші кезеңіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жастарға сәттілік тіледі. «Бұл сайыс Түркістан қаласын «Интеллектуалды қала» ретінде жаңа бағытпен өркендетуге септігін тигізеді. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, өзге мемлекеттің жастарымен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Al-Farabi» интеллектуалды сайысын халықаралық деңгейде өткізу қажет деп есептеймін. Президентіміз күні кеше Павлодар облысының жастарымен кездесуде жастарға әрдайым көңіл бөлетінін атап өтті. «Біздің жастарымыз, ең алдымен, ұқыпты, еңбекқор, ойы ұшқыр, креативті, іскер болуы керек. Мен жастарға үлкен үміт артамын», – деді Мемлекет басшысы. Президент Үкіметке жас ғалымдарды қолдау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Демек, қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алды деуге негіз бар. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермей еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын, – деді Дархан Сатыбалды. 

Интеллектуалды ойында 50-ге жуық команда арасынан ширек финалға өткен 9 команда шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде бірінші орынды Бәйдібек ауданының «BBC» командасы жеңіп алды. Екінші орынға Алматыдан келген «Oilike team» командасы ие болса, үшінші орынды Шымкенттің «Әл-Фараби» командасы еншіледі. Төртінші орынға Түркістанның «Key To Life» командасы ие болды. I орын алған командаға 500 000 теңге, II орынға 300 000 теңге және III орын иегерлеріне 200 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар «Үздік білімгер» номинациялары бойынша жүлдегерлерге және 10-нан аса командаға ынталандыру қаржылай сыйлықтары тапсырылды. 

Айта кетелік, облыстық Жастар ресурстық орталығы өңірдегі жастар саясатының дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс насихатталуы мен «Жастар кадрлық резерві» жобасын жасау мақсатында «Ел ертеңі жастарда» атты өңірдегі жас депутаттар мен әкімдердің қатысуымен кездесу өткізді. Қазіргі таңда облыста 50 жас депутат пен 20 жас әкім бар. Мұның өзі мемлекет тарапынан жастарға жасалған үлкен қолдау. Кездесу барысында депутаттар елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен жастарды қолдау үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікір алмасты. Мемлекет саясаты туралы ақпаратты дұрыс тарату жергілікті жастар ұйымдары, билік ор¬ган-дарының құзыретінде. Кездесуде, сондай-ақ аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асатын жобалар мен бағдарламалар туралы белсенді жұмыстар атқарылуы тиістігі айтылды.