Реформалар халық сенімін арттыруға бағытталған

Қысқаша

Реформалар халық сенімін арттыруға бағытталған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің реформаларында биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар, Президент судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады.

Screenshot_40.jpg

Биыл наурызда Президент бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. 

Сот саласына енгізілген жаңашылдықтардың бірі – цифрландыру жүйесі. Қазығұрт аудандық сотының судьясы Ілияс Тоғызбаевтың айтуынша, цифрландыру жүйесін сот саласына енгізудің нәтижесінде сот жұмысын қағазбастылықтан арылтып, іс қараудағы қызметтерін анағұрлым жеңілдетіп отыр. Цифрандырудың мүмкіндігін барынша пайдаланылуда екенін айтқан судья жаңа жүйеге көшкелі істерді электронды түрде қарап, шешім де солай шығарылатынын жеткізді. Яғни соттың іс қарау жұмыстары негізінен электронды нұсқаға көшкен. Осының нәтижесінде судьялардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеп қалды. «Реформалау жұмыстары осымен тоқтамайды деп сенемін. Жылдар өте келе адамда тәжірибе қалыптасады. Сонымен бірге кез келген маман бір орында тұрып қалмай үнемі ізденісте, білімін жетілдіріп жаңа нәрселер үйреніп жүруі тиіс. Отандық сот саласын дамыту мақсатында тек үлгілі озық тәжірибелерді ендіру үстіндеміз. Ең бастысы халықтың сотқа деген сеніміне селкеу түспеу қажет. Себебі адамдар барлық мекеменің табалдырығын тоздырып, ең ақырында әділдік іздеп соңғы үмітін арқалап осы сотқа келеді. Осы орайда судьялардың біліктілігі де өте маңызды болып саналады. Судьяның әрбір шығарған шешімі азаматтың тағдырын өзгертеді. Тек жеке адамдарға ғана емес соттың шешімдері тұтас қоғамға әсерін тигізіп жатады. Сондықтан судьяларға қателесуге, әділдіктің ақ жолынан тайып кетуге мүлдем болмайды. Ол үшін сот төрелігін айтушы өкілге сауаттылық пен кәсіби шеберлік қажет. Ал соңғы жылдары қолға алынып жатқан реформа осы мәселені түбегейлі шешуге бағытталған»,–  деді судья. Әкімшілік істер де бүгінде электронды түрде түсетін болған. Азаматтар өтінішті үйінде отырып-ақ тікелей электронды нұсқада жібере алады. Сондай-ақ кейінгі заң талабына сай азаматтар қарыз мәселесі, жер дауы бойынша да медиацияға үмітпен келетін болыпты. Қарыз демекші, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 597 кәсіпорны 18,2 мың жұмыскерге 4,4 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 657 нұсқама беріліп, 87,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 15,3 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 4 млрд теңге төленді. Ал Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының мәліметінше, еңбек қатынастары саласында жыл басынан бері жалпы 602 шағым қаралып, 159 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 227 заң бұзушылық анықталған. Осы ретте 193-і заңға сәйкестендірілсе, 34-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 6 292 жұмысшыға 824 млн теңге жалақы қарызына жол берген 11 кәсіпорын анықталды. Оның 805,5 млн теңгесі өндіріліп, 6 225 адамның еңбек құқықтары қорғалды. Заңға сәйкес мекеме басшыларына 2,4 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 7 ай қорытындысымен алғанда облыстағы 4 мекемеде 67 қызметкері алдындағы 18,6 млн теңге жалақы қарызды өндіру жұмыстары жүргізілуде.

Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ  азаматтардың шығындарын азайта отырып сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді. Сот жүйесіндегі IT қызметтердің  мақсаты – азаматтар мен соттар арасында тиімді коммуникация құру, іс жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды болдырмау, қоғам тарапынан соттарға деген сенімді арттыру. IT-технологияларды пайдалану сот ісін жүргізудің әдеттегі процесіне жұмсалатын уақыты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.  Мысалы, Digital Justice – Цифрлық әділет бастамасы шеңберінде 12 жоба іске асырылған. Сондай-ақ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік беретін тұлғалар шеңберін кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Енді аз қамтылған және көп балалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін кеңес ала алады. Олар кәсіпкерлік қызметке қатысты мәселелерді қоспағанда, соттарда ақысыз заң көмегіне жүгіне алады. Реформалар процестердің ашықтығымен қатар, сот жүктемесі мәселесін шешуге де бағытталған. Мәселен, сотта күніне ондаған іс сұрыпталады. Бұл өз кезегінде судьялар жұмысының күрделі екенін көрсетеді. Енді жаңа заңнамаға сәйкес, елдің Жоғарғы Сот органына салықтық құқық немесе жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мамандандырылған құқық салаларында үлкен тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға болады. Осылайша жұмысты біршама жеңілдету қарастырылған.

Жалпы, сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президенттің ұсыныстары негізінде тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңа іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылуда.