Барлық шипажайлар қолжетімді болуы тиіс

Қысқаша

Барлық шипажайлар қолжетімді болуы тиіс

Көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар секілді әлеуметтік санаттағы топ өкілдерімен проактивті жұмыс істеу, сондай-ақ заңнама аясында олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына қатаң бақылау жүргізу қажет. Мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге айрықша назар аударып, осы санатқа жататын отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін заңнамалық және институттық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленуі тиіс.

Screenshot_39.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпованы қабылдап, осындай тапсырмаларды жүктеді. 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсарта түсу мәселесі Ақмола облысында өткен «Шипажай-2023» ғылыми-практикалық форумында да айтылды. Санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастыру, үздік тәжірибелерді қолдану, проблемаларды анықтау және шешу жолдарының мәселелері бойынша тиімді тәжірибе алмасу алаңы ретінде қызмет ететін форумда Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов өз сөзінде санаторлық-курорттық емдеу және сауықтыру жүйесі халық үшін, әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін кең қолжетімділікті іске асыруға бағдарлануы тиіс екенін атап өтті. 2021 жылдан бастап санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін көрсету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізіледі, онда мүгедектігі бар адамдар қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдайды. Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Әлеуметтік кодекстің жаңашылдығы – ақыл-ой кемістігі бар (аутизм спектрінің бұзылуы) балаларға арналған санаторлық-курорттық емдеуді ұсыну. Олар ата-аналарының немесе қамқоршыларының міндетті сүйемелдеуімен санаторий-курорттық ұйымдарға жіберілетін болады. Биыл пилоттық режимде мыңға жуық баланы жіберу жоспарлануда. Жекелеген бағыт бойынша еліміздің барлық санаторийлерінде мүгедектігі бар адамдар үшін міндетті түрде қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі айтылды.

Осы арада айта кетелік, мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету шеңберінде Ақмола облысында 667 әлеуметтік инфрақұрылым объектілері бейімделді. Оның ішінде 475 объект ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай бейімделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді. Ақмола облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 667-інде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді. Аумақтық департамент жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында жоғарыда аталған объектілердің ішінен 475 объектінің толық бейімделгені расталды. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін тағы 109 объектіні бейімдеу жоспарлануда.