Жұмыстың тұрақты болғаны жөн

Қысқаша

Жұмыстың тұрақты болғаны жөн

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін атап өткен болатын. Президент қазіргі таңда еңбек нарығында жастардың үлесі артып келе жатқанын айтты.

Screenshot_38.jpg

Сондай-ақ, Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін баса айтты.

«Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», –¬ деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент әкімдер бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керектігін ескертті. Президент тапсырмасын орындау мақсатында өңірлерде, оның ішінде Түркістан облысында ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айта кетелік. Мысалы, жуырда Сайрам ауданының Қарабұлақ елді мекенінде «RaiINTEX» компаниясының тігін филиалы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 120 000 арнайы форма (ІІМ) тігуге қауқарлы. Жобаға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 80 млн теңгені құрайды. Аталған инвестициялық жоба барысында 110 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта кәсіпорын 30-дан аса маманды жұмыспен қамтамасыз етіп үлгерді. Яғни «RaiINTEX» ЖШС-ы Сайрам ауданына өндірістік қуаттарын кеңейтуде үлкен әлеуетке ие. Алдағы уақытта аталған компания Көлкент ауылдық округында тағы бір тігін филиалын іске қосуды көздеп отыр. Жобаны іске қосу өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. 

Ал Арыс қаласының өндіріктік аймағында болашақта бірнеше ірі өнеркәсіп орындарын ашу көзделген. Халықтың табысын арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру жүзеге асырыла бастады. Мал бордақылау алаңы салынады. Арыс станциясының локомотив депосында бір жылдың ішінде 3 мыңнан астам жолаушылар вагоны мен локомотивке деполық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеп, техникалық қызмет көрсетуден басқа электровоздарға сервистік қызмет көрсетеді. Кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстары басталған Мақтаарал ауданында алдағы уақытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 24 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 4 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 2 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 5 млрд теңгеге жетіп, 340-тан астам жұмыс орындары құрылады. Ауданда жұмыспен қамту шаралары кеңінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 746 жұмыс орындары ашылды. Жалпы Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. 

Айта кетелік, еліміз бойынша биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 444,2 мың адам қатысқан. Жұмыспен қамтылған 300,6 мың адамның 152,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.   Субсидияланатын жұмыс орындарына 148,4 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 15,5 мың адам, жастар практикасымен – 12 мың, қоғамдық жұмыстармен – 103,2 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 5,4 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 199, «Күміс жас» жобасы аясында 12,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 31,5 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 28,7 мыңы оқуды аяқтаған. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 102,9 мың адам қамтылды, оның ішінде 77,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Қызмет саласын таңдау мақсатында 81,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Бұдан басқа, биыл Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл басынан 5317 грант берілді.