Жастарды қызықтыратын жобалар

Қысқаша

Жастарды қызықтыратын жобалар

Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» өңірдегі жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді бір тетігі ретінде интеллектуалдық сайыстарды жиі ұйымдастыруда. Орталық жыл басында жастардың зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында 4 бағыттан тұратын іс-шаралар жоспарын құрған. 

Screenshot_37.jpg

Интеллектуалдық ойындар жастардың ақыл-ойын дамытып, олардың кітап оқуына және білім ізденуіне септігін тигізеді. Сол себепті облыстық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан биыл 3 түрлі форматта интеллектуалды ойындар өткізу жоспарланған. Біріншісі – жастар арасында өткізілген «Тұран» ойыны. Екіншісі – 10-11 тамыз күндері «Не, қайда, қашан?» ойыны форматында өткізілетін «Әл-Фараби» ой сайысы. Үшіншісі – спорт пен білімді қатар дамытуға бағытталған квест форматындағы жарыс. Жалпы, осы жобаларды алдымен аудан, қалаларда өткізіп, үздіктердің басын облыс орталығында қосу көзделуде. Мұндағы мақсат – жастар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттап, алдағы уақытта алыс-жақын шет мемлекеттердегідей жобаларды мемлекет бюджетімен емес, қатысушылар тарапынан қаржыландырылатындай деңгейге жеткізу. Қазіргі таңда жастардың бұл бағыттағы жобаларға деген қызығушылығы өте жоғары.

Жастар саясатының жүзеге асырылуына Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің белсенді студенттері  мол үлес қосуда. Оқу ордасындағы жастар саясаты түрлі бағытта жұмыс істейді. Белсенді жастардың басын біріктіретін ұйымдар, клубтар, үйірмелер бар. Факультет белсенділері мен өзін-өзі басқару ұйымдарын қосатын – студенттік Парламент ¬ білім алушылардың білім беру үрдісін басқаруға қатысу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге, студент жастардың тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, оның әлеуметтік белсенділігін дамытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға және іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ университеттің «Шаңырақ» клубтар координациясының құрамында түрлі бағыттағы 23 студенттік клубтар мен ұйымдар бар. Мысалы: «Kidnees» еріктілер клубы, Қазақстан студенттер Альянсы, «Жастар рухы» ЖҚ, «Enactus YASAWI», «KazMSA», «YASAWI» дебат, «Green growth», «Y-PEER», «YASAWI TEAM» және басқа да ұйымдар белсенді жұмыс істеуде. «Жастар саясаты» департаментіне қарасты жастар орталығы университет білім алушыларының жатақханаға орналасуын, тәрбие жұмыстарын, әлеуметтік мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.