Мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді

Қысқаша

Мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді

Биылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік инспекторларды енгізу халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын уақтылы қорғап қана қоймай, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етпек. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары шілде айында 40 жоспардан тыс және профилактикалық бақылау шеңберінде 13,  жалпы 53 тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде бірқатар кешміліктер анықталып отыр.

Screenshot_36.jpg

Мысалы, Қызылорда облысы Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметіне жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесінде мүгедектігі бар 7 бала протездік-ортопедиялық көмекпен уақтылы қамтамасыз етілмегені анықталды. Аталған фактілер бойынша бөлім басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Яғни мүгедектігі бар 7 баланың құқығы қорғалды. Ал Шығыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасы орналасқан ғимаратқа жоспардан тыс тексеру нәтижесінде пандустың, тактильді бағыттағыштардың және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы көрсеткіштердің болмауы секілді бұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша ШҚО Адвокаттар алқасының басшысына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілгенге дейін министрліктің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2023 жылдың 1 жартыжылдығында 750 тексеру жүргізген, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 533 ұйғарым берілді, 44 млн теңгеден астам сомаға 233 айыппұл салынды.

Дегенмен әлеуметтік қызметті өз деңгейінде көрсетіп келе жатқан орталықтар аз емес. Мысалы, Түркістан  облысы Сауран ауданындағы «Әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығында «Тең қоғам» бөлімшесі мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға және экономикалық тәуелсіздік құқығын асыруға кешенді қызмет көрсетіп келеді.  120 балаға қызмет көрсетуге қауқарлы мекеме бірінші жартыжылдықта 65 балаға 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетті. Сауран ауданы бойынша 3314 мүгедек бар, оның ішінде 129 ерекше күтімді қажет ететін балалар. Мамандардың айтуынша, орталықтың әлеуметтік қызмет алушылары мен ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайы жақсарған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл жүйелері бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында жүзеге асырылады. Бұл бағытта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде орталықтарда мыңнан астам маман еңбек етеді. Жыл басынан бері 3065 адам оңалту шараларымен қамтылған. Әлеуметтік қызметкерлер 936 азаматқа қызмет түрлерін үйлеріне барып көрсетеді. Үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақ ішу мәдениеті, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді көрсетіп, қоғамға бейімдейді. Сала мамандарына артылған талап пен міндет те жоғары. Бірінші шілдеден бастап күшіне енген әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылуда. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда мамандардың біліктілігі, көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат енгізіледі. Бұл қызметті тұтынушыларға бәсекелестік ортадағы әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз кәсіби біліктілікті бағалау жүйесінен өткен, сертификатталған мамандар ғана жіберіледі.