Инклюзивті оқыту – өмір қажеттілігі

Қысқаша

Инклюзивті оқыту – өмір қажеттілігі

Еліміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әр бала еліміздің ертеңі, әрбір мүмкіндігі шектеулі оқушының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау – міндетіміз. Қазір мүгедек балаларды инклюзивті білім беру жұмыстары жолға қойылған. 

Screenshot_30.jpg

Балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, кедергілерді жою, бұл жолда ата-аналарын белсенділікке шақыру маңызды. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Яғни инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жеткізіп, жақсы өмір сүруге жағдай жасайды. Осы орайда Шымкент қаласында 23 арнайы білім беру ұйымы және 2 ресурстық орталық, 3 инклюзияны қолдау мен 1 ресурстық кабинет барын айта кетелік. Өткен жылы үшінші мегаполисте «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы», жалпы білім беру ұйымдарының ішінде 122 логопункт, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылды. Сондай-ақ, 46 бірлік логопед штаты қосылды.

Білім саласының мамандары хабарлағандай, қаладағы жалпы орта білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін – 2774 оқушы бар. Оның ішінде 829 бала 88 мектепте инклюзивті білім алса, ал 471 оқушы 9 мектепте ұйымдастырылған 59 арнайы сыныпта оқып жүр. Мектепке дейінгі 53 мекемеде 1 202 бала логопедтік көмек пен психологиялық-педагогикалық қолдау алып отыр. Көру қабілеті бұзылғандар үшін Брайль қарпімен жазылған арнайы оқулықтар алынған.