Өзара құрмет пен теңдік – ізгілік жолы

Қысқаша

Өзара құрмет пен теңдік – ізгілік жолы

Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп әуреге түсетін еді. Енді Кентау қаласында еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледждің ерекше оқушылары үшін жеделсаты орнатылып жатыр.

Screenshot_29.jpg

Иә, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының нәтижесінде 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдемек. Жалпы оқушылардың 60%-ы қоларба қолданатын студенттерге баспалдақпен көтерілу қиындық тудыратын. Қазір лифт шахтасын салу және жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізіліп, балалар жаңа оқу жылын жайлы жағдайда бастайтын болады. Қор басшылығының хабарлауынша, мүмкіндігі шектеулі студенттер оқитын Кентау қаласындағы мамандандырылған кәсіптік колледжге жеделсаты салуға 36 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 бала психологиялық-педагогикалық қолдаудың тегін курстарынан өтіп, жалпы сомасы 16,4 млн теңгеге логопедтің көмегін алмақ. Айта кетелік, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы 2023 жылдың басынан бастап жалпы сомасы 4,4 млрд теңгеге 27 әлеуметтік жоба мақұлданған. Ал Түркістан өңірінде 2017-2023 жылдары 1,7 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асты. 

Сондай-ақ ел өңірлерінде жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы шағын үйлер құру жөніндегі пилоттық жоба басталды. Мүгедектігі бар балаларға арналған алғашқы сыйымдылығы шағын үйдің ашылуы 4 шілдеде Қарағандыда өтті. Мұнда күндізгі стационар жағдайында психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы әлеуметтік қызметтерді алуда. Биыл пилоттық жобаны іске асыру аясында еліміздің тағы 6 өңірінде: Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында сыйымдылығы шағын үйлер ашу жоспарлануда.

Айта кетелік, бүгінде елімізде 711,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде ересектер – 607,6 мың, 18 жасқа дейінгі балалар – 104,3 мың. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік қызмет көрсету жүйесімен 109 мыңнан астам адам қамтылды, оның ішінде 52 мыңы – мүгедектігі бар адамдар, 21 мыңнан астамы – мүгедектігі бар балалар. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 750-ге жуық мемлекеттік субъект ұсынуда.