Еңбектің көзін тапқан – байлықтың өзін табады

Қысқаша

Еңбектің көзін тапқан – байлықтың өзін табады

Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыссыздықты азайту, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау, яғни еңбек нарығындағы жағдайды реттеу еліміздің мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Дегенмен мемлекетке алақан жаймай-ақ қолдағы барымен кәсібін бастап, тың идеяларын жүзеге асырып, шағын кәсіптің өзінен табысқа жетуге болатынын дәлелдеп жүргендер аз емес.

Screenshot_28.jpg

Бұл орайда кәсіп ашуға немесе кәсібін дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Яғни еңбектің көзін тапқан, еңбекқор адамға мүмкіндік мол. Мысалы, Түркістан облысы, Жетісай ауданы Қазыбек би ауылының тұрғындары, ағайынды Жамшид, Рашид Нартаевтар жылыжайдан табыс табуда. Осыдан 15 жыл бұрын көршілес Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған азаматтар кәсіптерін үйіргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай салып бастаған. Гүл өсіру мен гүл сату ісін өркендетіп, табыстарын арттырып отырған жігіттер бүгінде жылыжай аумағын 15 сотыққа жеткізген. Жылыжайда құмыраға отырғызылған гүлдің 20-дан астам түрі өсіріледі. Көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар Шымкент қаласының базарларында саудаланады. Көмірмен жылытылатын, жылыжайда жыл он екі айда үш-төрт реттен өнім алынады. Қазірдің өзінде 10-ға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, бір жылда 10 млн теңгеге дейін таза табыс тауып отырған ағайынды Нартаевтар түрлі салаттар әзірлеуді де қолға алған. Қырыққабат, қияр, қызанақ егу мен тұздау ісін де дұрыс жолға қойған. Ерекше кәсіпті меңгерген еңбекқор жігіттер үйіргелік жылыжайын үшке бөліп қойған. Біріншісінде тұқымнан көшет өсірсе, екіншісінде жер сіңдіреді. Үшінші бөлігінде дайын гүлдер ыдысқа жайғастырылып, сауда нүктелеріне жөнелтіліп отырады.

Ал Келес ауданындағы Абай ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Тимур Хашимов пен Бибігүл Абдуллаева бүгінде наубайхана ашып, күніне 200-ден аса нан пісіріп, ауылды ас атасымен қамтамасыз етіп отыр. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер нан пісіру кәсібін бастағанына небәрі төрт ай болса, тандыр жасаумен 2021 жылдан бері айналысып келеді екен. Ендігі кезекте кәсіпкер отбасы 2,5 пайыздық несие алып, екінші наубайхана ашуға ниетті. Бибігүл Абдуллаева 2021 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алып, отбасылық кәсібін бастаған. Қазір шаруаны үйіндегі отағасы мен балалары атқарады. Күйеуі Тимур Хашимов алты жылдан бері тандыр жасау кәсібімен айналысып келеді. Ол барды ұқсатып, іс қылса, ешкім ешкімге алақан жаймайтынын, табыстың көзі еңбекте екенін айтады. Күніне 10-12, тапсырыс көбейгенде 1 айда 150-200 тандыр пеш жасап шығаратын кәсіпкер сапалы тандыр жасау үшін сары, қызыл топырақ керектігін айтады. Бір тандыр пештің бағасы 6 мың теңгеден. Сапасына қарай бағасы 100 мың теңгеге дейін жоғарылай береді. Кәсіпкер отбасының қолынан шыққан тандырларды тек Келес ауданындағы елді мекендер ғана емес, Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаштан келіп алып кететіндер көп. 

Ауыл кәсіпкерлері осылайша кәсіп ашып, ауылдастарын жұмыспен қамту арқысы табысын арттыруға септігін тигізуде.  Өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуда, халықтың табысын арттыруда арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың да үлесі мол. Мысалы, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 млрд теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде әкімшілік іскерлік орталығының аумағында 313 млрд теңгеге 50 жоба және тарихи орталық қосалқы аймағында 22,6 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 млрд теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. Бұдан бөлек, Ұлттық жобалар бойынша биыл 337 адам жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.