Жобаларды сапалы іске асыру жүктелді

Қысқаша

Жобаларды сапалы іске асыру жүктелді

Еліміздегі 6295 ауылдық елді мекеннің ішінде ауыл тұрғындарының 93%-ын құрайтын даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл анықталған. Оларды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 198,2 млрд теңге бөлінді.

Screenshot_27.jpg

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылған, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны құрылған. Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы» шеңберінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бойынша негізгі құралдардың бірі болып белгіленген. Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобаларын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтауды, ауылдық аумақтарды дамыту үшін жеке инвестицияларды тарту жұмысын жеделдетуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың және облыс әкімдіктерінің алдына «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының» нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан жуырда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, 14 шілдедегі деректе 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Облыс бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,0 млрд теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.