«Жасыл аймақ»: Тұрғындар апталыққа белсене атсалысуда

Қысқаша

«Жасыл аймақ»: Тұрғындар апталыққа белсене атсалысуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тартудың маңызды екенін, жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керектігін атап өтті.

Screenshot_8.jpg

Осыған байланысты елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық ауциясының басталғанына төрт апта өтті. Әр апталық белгілі бір тақырып аясында ұйымдастырылып келеді. Өткен апталық «Жасыл аймақ» деп аталды. Бұл шара барысында Шымкентте көшеттер егіліп, ағаш түптері қопсытылып, әктелді. Қала тұрғындары белсене атсалысты.  Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тазалық, көгалдандыру  шаралары қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған «3 Энергоорталық» кәсіпорны  аумағанда жүргізілді. Оны «Жасыл аймақ» апталығы аясында Еңбекші ауданы мен Шымкент қаласының экология департаменті ұйымдастырды. Апталыққа «Интеко» ЖШС-нен 5 техника, 60 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен бірге «Шымкент цирк» ұжымынан 10-ға жуық мамандар да атсалысты. 

Апталық Абай ауданының аумағында да белсенді ұйымдастырылды.  Ауданның негізгі көшелердің бойындағы және аулалардағы жасыл желектерді суғару, қырқу, шөп ору, көшет отырғызу, аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби көшесінің бойына 100 түп көшет отырғызылды. Сонымен бірге Шымсити, Асар, Тұрлан шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында және Темірлан тас жолы, Әл-Фараби көшелерінде, Барыс базары, әуежай мен Ақмешіт аумақтарында тазалық жұмыстары іске асырылды. Тазалық жұмыстарына 11 техника жұмылдырылып, 15 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы іс-шараға 200-ден астам аудан тұрғындары, 20 кәсіпкерлік нысан, 15 әлеуметтік нысан қызметкерлері қатысты.

 «Жасыл аймақ» апталығы барысындағы ағаш егу мен тазалық жұмыстары Еңбекші ауданы аумағында да атқарылды.  Ағаш - адамға қажетті ауаны тазартып, оны реттеп отырады. Сонымен қатар табиғаттың тепе-теңдігін сақтап тұратын да - ағаш. Сол себепті де аудан әкімшілігі ұйымдастырған тал егумен қатар сол тал өсіп тұрған жерлердің тазалығын қалыпқа келтіру мақсатындағы шарада қыруар істер атқарылды. 

Аудан аумағындағы Алатау саябағында тазалық жұмыстарына тұрғындары, әкімдік қызметкерлері және Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы бар, жалпы 200-дей адам қатысып, 4 техника жұмылдырылды. Айта кететін жайт, Алатау саябағы қала әкімінің тапсырмасы бойынша салынған болатын. Бұрын саябақ орынындағы заңсыз нысандар бұзылып, бүгінде ел демалатын саябаққа айналды.

Жалпы, қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру мәселелері өзекті болып тұр. Себебі, бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар халықтың қолайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, қаланың микроклиматын қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Еңбекші ауданында өткен бүгінгі тазалық жұмысына қатысқандар тазалық сақтау біле білгенге ең бірінші денсаулық үшін керек, екінші- тәрбие, мәдениет. Сондықтан айлығы тек бір күнмен шектелмеу керек деп, тазалық жұмыстарына алдағы уақытта да қатысатындықтарын жеткізді.

«Жасыл аймақ» апталығы аясында Шымкент қаласының жер-жерлерінде ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Тұран ауданына қарасты Металлургтер саябағының ашық жерлеріне де 100-ден аса қаратал егілді. Ағаш отырғызу жұмыстарына Тұран ауданы тұрғындары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, өнер адамдары және еріктілер қатысты. 

 «Көңіл-күй өте керемет! Өйткені ертең біз еккен талдардың, жайқалып өскен гүлдердің арасында біздің көрермендер қыдырып, өздерінің көңіл-күйлерін көтереді деген үміттеміз»-дейді өнер саңлақтары.

Ағаш отырғызу адам өміріндегі ең маңызды істердің бірі деп санайтын Тұран ауданында жаңадан қалыптасып келе жатқан ауданды көріктендіру жақсы жолға қойылған. Сауабы мол іске бастамашы аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен осы уақытқа дейін аудан көлемінде 1000 тал егілді.  Ендігі мақсат, еккен тал-тарақтарды күтіп ұстап, жайқалып өсуіне күш салу. 

Осы жерде айта кетері, өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы көріктендіру, көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шықты. Әкім алдымен жаңа әуежай терминалы мен теміржол вокзалының ғимаратына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Сонымен бірге, Тұран ауданында магистральды жылу желісінің жағдайын көріп, Әл-Фараби ауданында жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу жұмысын тексерді.  Қала басшысы алдағы жылу беру маусымында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында жауапты тұлғаларға жұмыстың сапасы мен мерзімін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

Бұдан бөлек, кондитерлік өнім “Sweet ideas KZ” ЖШС, минералды су және алкогольсіз сусындарын шығаратын «Визит» кәсіпорындарда болды. Компания басшылығымен бірге өнім көлемі мен алдағы жоспарын талқылады.

Қала әкімі «Нұрсәт» шағынауданындағы аула мен көшелердің санитарлық жағдайын жаяу аралап көрді. Жарықтандыру және абаттандыру мәселелері жөнінде аудан әкімі мен бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.