Ауызбіршілікті паш еткен шара: «Таза Қазақстан» акциясы бес аптаға созылады

Қысқаша

Ауызбіршілікті паш еткен шара: «Таза Қазақстан» акциясы бес аптаға созылады

Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. 

image.png

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ.

Жалпы, Мемлекет басшысы өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керектігін атап өтті. Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды.

Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.  Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бұл аптада қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осыған байланысты жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. 

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша,  үшінші мегаполисте тазалау жұмыстары қызу басталып кетті. Алғашқы бірінші аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері аумақтарда белгіленген аулаларды тазалады. Көшелер сыпырылып, арықтар мен жол жиегіндегі қоқыстар жиналды.  Ағаштардың түптері әктеліп, көгалдандыру жұмыстары да жүруде. Аялдамалар жөнделіп, ретке келтіріліп жатыр. Акцияның бірінші күні тазалық жұмыстары қарқынды жүруде.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау, аялдамаларды жуу, шөп ору, абаттандыру шаралары да жасалды .

Ғабит Әбдімәжитұлы қаламызға деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

Акцияға қатысушылар Қаратау ауданы аумағында орналасқан тарихи-мәдени орындардың тазалығына да назар аударды. Атап айтқанда Сайрам тұрғын алабында орналасқан, туристердің ең көп баратын аумағы Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баб кесенелері мен Қызыр мұнарасы аумағында өткізілді. Аймақты тазалаумен қатар қураған ағаштарды кесу, талдарды әктеу, шөптерді тазалау, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 450-дан астам адам қатысып, бірқатар арнайы техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ, аталған жұмыстар киелі орындардың тартымдылығын арттырып, туристердің қызығушылығын оятатыны сөзсіз.

Акцияға қоғам белсендісі – М.Мирхалдаров, кәсіби гид экскурсовод Г.Бекмуратова қатысып, тарихи орынның шығу тарихына тоқталып өтті. Олар өз сөзінде еліміздегі туристік аймақтарды дамыту, оларды күтіп ұстау тек мемлекеттің емес барша азаматтардың міндеті екеніне тоқталды. Ал, белсенді жас А.Сматулла қала жастарын тазалық акциясына белсенді қатысуға және қаламызды таза ұстауға шақырды.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы «Шым қала» тарихи-мәдени орынында 300-ден астам қала тұрғындары мен белсенді жастардың, тарихшылар мен этногрофтардың және өнер саласы қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Шара барысында  30 м3 қоқыс шығарылып, 5 га тарихи-мәдени орын аумағының шөптері орылды. Аумақтағы 5 км аяқжолдар мен арық-атыздар тазаланды.  Сондай-ақ өнер майталмандары мен белсенді жастар көңілді күймен іс шараның көркін қызықтырып, Шымкент қаласының тарихы туралы ой бөлісіп, жастарға ғибратты насихат жүргізілді.

Тазалық акциясына қатысқан тарихшы-шежіреші, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі М.Әбдіәкім тарихи орындарды күтіп ұстау, оны келер ұрпаққа аманаттау ертеңгі жас ұрпаққа қалдырған мол мұра екенін, жастарды қаламызды таза ұстауға шақырса, белсенді жас Д.Ерханова қаламыздың тазалағын сақтау әрбір қала тұрғындарының міндеті екенін, тазалық денсаулық кепілі екенін жеткізіп, барша жастарды қаламызды таза ұстауға шақырды.

Қала жастары мен тұрғындары Республика, Тәуке хан, Б.Момышұлы даңғылдары мен А.Байтұрсынов және Желтоқсан көшелерінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, аталған даңғылдар мен көшелердегі аялдамалар жуылып, қоқыс жәшіктері, жолдар тазаланды, талдар қырқылып, әктелді, барлық қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстарына 1000-дан астам жас қатысып, 13 аялдама жуылып, аталған көшелердегі барлық аяқ жолдар тазаланды, 600 ағаш әктелді, 1 тоннаға жуық қоқыс қалдықтар шығарылды.