Тең құқық – тең мүмкіндік

Қысқаша

Тең құқық – тең мүмкіндік

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамымыздың ажырамас маңызды бөлігі. Олардың құқықтары мен әл-ауқатына басқа азаматтармен тең дәрежеде кепілдік берілуі тиіс. Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.

Screenshot_47.jpg

Оның ішінде мүгедек жандар оңалту орталықтарының желісін кеңейту, медициналық көмек көрсету, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, жеке көмекшінің қызметі сынды маңызды мәселелерді ортаға салды. 

Еліміздің мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңы бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін алуға құқылы. Жеке көмекші мүгедектігі бар адамның тұрғылықты мекен-жайынан, діттеген жеріне дейін және қайтадан тұрғылықты мекен-жайына оның қажеттіліктеріне қарай алып жүру бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін маман. Ерекше қажеттіліктері бар адамның жақын туыстары да жеке көмекшілер бола алады. Мұндай қызметтерді көрсету туралы келісім мүгедектігі бар адам мен жеке көмекші арасында тікелей жасалады. Жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеу ертіп жүру бойынша қызметті ұсынудың нақты уақыты үшін жүргізіледі, бірақ күніне 8 сағаттан аспайды. Өңір басшысымен кездесуде жеке көмекшінің қызметіне қатысты осындай түсініктемелер беріліп, көмекшіге қатысты көтерілген мәселе тиісті министрлікке жолданатыны айтылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау үшін жұмыспен қамту саласында тең мүмкіндіктер жасалу қажет. Жұмыс берушілер жұмыс орнындағы әртүрлілік пен инклюзияның артықшылықтарын білуі тиіс. Мүгедектерді жұмысқа орналастыратын жұмыс берушілерді мемлекет көтермелеуі мүмкін. Сонымен қатар, мүгедектерді табысты жұмысқа орналастыру үшін бейімделу жағдайлары мен дағдыларын дамыту маңызды. Осы орайда Шымкент қаласында «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен  жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатыстырылды. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері. Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы мен "Тең қоғам" орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Мамандар мүгедектердің құқықтарын қорғау әділ және инклюзивті қоғамды дамытудың маңызды бөлігі екенін айтады. Заңнамалық шаралар, инклюзивті білім беру, жұмыспен қамтудың тең мүмкіндіктері, инфрақұрылым мен ақпараттық ортаның қолжетімділігі арқылы мүгедектердің қоғамға толыққанды интеграциялануына ықпал ете аламыз. Олардың құқықтарын қорғауға және ілгерілетуге көмектесуде хабардар болу, эмпатия және түсіністікті арттыру да маңызды рөл атқарады. Мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғау жұмыстары олардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту маңызды атқарылар іс.

Осы орайда биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланғанын айта кетелік. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген.