Қоғамдағы ізгілік адалдықтан басталады

Қысқаша

Қоғамдағы ізгілік адалдықтан басталады

Елімізде соңғы жылдары қылмыстық істер бойынша қаржы пирамидасының құрығына түскендер, алаяқтардың құрбаны болғандар азаймай тұр. Біреудің жеке мәліметтерін пайдаланып, екінші деңгейлі банктерден несие алатындар да көп. Бұл орайда заңгерлер егер әр қазақ құқықтық және қаржылық жағынан сауатты болса, ешкімге есесін жібермей, ешкімнен қа¬ғажу да көрмейтінін айтуда. 

Screenshot_45.jpg

Яғни қарапайым заң талаптарын бала кішкентайынан отбасында біліп өсуі керек. Құқықтық тәрбие жұмыстарының мектеп қабырғасынан басталып, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай құқық негіздері түсіндірілгенін қалайтындар да аз емес. Ал құқықтық тәрбиенің негізінде адалдықтың алар орны ерекше. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жететінін, құрметке ие болатынын атап өтті. «Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс»,¬ ¬– деді Президент. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Адалдық жемқорлықты жоюға, заң бұзушылыққа бармауға негіз болатыны, жол бермейтіні анық. Мемлекет басшысының мемлекеттік реттелетін бағаларды белгілеу кезіндегі сыбайлас жемқорлықты жою, сондай-ақ заңсыз алынған кірістерді өтеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралған жиында  Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1 588 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркегенін, оның 1118-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты екенін хабарлады. Белгіленген шығын көлемі 119,3 млрд теңгені құраса, оның 108,5 млрд теңгесі немесе 91%-ы өтелді. Келтірілген залалды қайтару үшін күдіктілердің 796,3 млн теңге мүлкі тәркіленді. Айта кетелік, жемқорлардан тәркіленген қаражат жинақталатын Қор арқылы бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76 мың орынға шақталған 62 мектеп құрылысы қаржыландырылды. Жалпы Қор құрылған өткен жылдың желтоқсан айынан бері оның есепшотына 151,6 млрд теңге түскен. 

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жемқорлыққа жол бермеуге еліміздің әрбір адал азаматы мүдделі. Әділетті Қазақстанның болашағы отбасында қалыптасатынын ескерсек, әрбір отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын. Осы орайда қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұрған отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өткен аптада Түркістанда және елордада талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының іс-шаралар жоспарының қайта қарау жобасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту, сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша 5 жүйелі бағыт қарастырылды. Жиналыс қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдарға бір апта ішінде айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспарын қайта пысықтауды тапсырды. Тамыз айының соңына дейін іс-шаралар жоспарын бекіту жоспарлануда.

Ал Түркістан қаласында «Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі отбасы институты, бала қауіпсіздігі, қоғам құндылығы, адамның өмірі мен бостандығы, заң мен тәртіп тұрғысынан әлі де тереңінен қаузайтын түйткілді мәселе көп екенін айтып өтті. «Өңірлер бойынша айтар болсақ, осы жарты жылдың ішінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыстың көбі Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында болған. Зерттеулер балаларға зорлық-зомбылық көрсететін қылмыскердің портретін де дайындаған. Қазақстандағы бүлдіршіндерге қатыгездікпен жәбір көрсеткендер, ең алдымен өздері танитын, жақын араласатын адамдар екені анықталған»,¬ – деді министр. Зерттеу нәтижесі Отбасын қолдау орталықтарының тиімділігін арттыру қажет екенін көрсеткен. Өңірдегі әр орталықтың қызметі туралы халық хабардар болса, зорлық-зомбылықтың алдын-алуға септігін тигізеді. Отбасын қолдау орталықтары балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуге тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, арнайы есепке алу органының ресми дерегіне сәйкес, өткен жылы балаларға қатысты жасалған қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 21-ге азайған. Осы бағытта балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігі және отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты профилактикалау үнемі назарда. «Ең бастысы облыста әкімдік, прокуратура, полиция департаментімен және үкіметтік емес ұйымдармен ведомствоаралық жұмыс жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар жас отбасыларды қолдау, сондай-ақ отбасыларда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу қажеттілігі туындауда. Әлеуметтік мәселелерімен келетін көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға арналған «Қамқорлық» жанұя орталығы» Түркістан қаласында ашылып, психологиялық, құқықтық жәрдем берілуде», – деді облыс әкімі.

Сарапшылардың пікірінше, балаларға қатысты орын алатын зорлық-зомбылық, суицидтік мінез құлықтың негізгі себептері: 64%-ы ата-ана мен бала қарым-қатынасынан, 20%-ы психологиялық және физикалық зорлық-зомбылықтан, 16%-ы жалғыздық сезімі, қарым-қатынасты бұзу, өзін-өзі бағалаудың төмендігінен орын алады екен. Жиынға қатысушылар отбасы институтын нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен өмірі, ата-ана мен айналасындағы адамдардың жауапкершілігі жөнінде пікір алмасты.